«Аман келешек» - инклюзивті қоғамның тамаша үлгісі - kaz.caravan.kz
  • $ 498.34
  • 519.72
-5 °C
Алматы
2024 Жыл
23 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
«Аман келешек» - инклюзивті қоғамның тамаша үлгісі

«Аман келешек» - инклюзивті қоғамның тамаша үлгісі

Қазақстанда алғаш рет онлайн форматта балалар мен жасөспірімдерге арналған «Аман келешек» VII Республикалық инклюзивті фестивалі өтті. Іс-шараны Нұрсұлтан Назарбаев Қоры ұйымдастырды. Жобаны Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі мен ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілдігі де қолдады.

  • 16 Қараша 2020
  • 33
Фото - Caravan.kz

«Аман келешек» — «Здоровое будущее» балалар мәдени-спорттық фестивалі жыл сайын өткізіледі және ол ерекше қажеттіліктері бар балаларды қолдау бойынша Елбасының «Қамқорлық» әлеуметтік бастамасының бір бөлігі. 2014 жылдан бастап фестивальге Қазақстанның түкпір-түкпірінен 25 000-нан астам балалар мен жасөспірімдер қатысты.

Жоба жарқын шоу элементтері бар мерекелік іс-шара форматында өтеді, бұл ретте фестивальдің негізгі бөлігі тақырыптық алаңдар мен шеберлік сыныптар форматында өтеді. Фестивальдің ерекшелігі оның инклюзивтік бағыттылығы, яғни практикалық воркшоптарға, шығармашылық шеберханалар мен инновациялық зертханаларға нормотиптік балалар да, даму ерекшеліктері бар балалар да қатыса алады.

Онлайн-фестиваль қатысушыларына арнаған сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев Қорының Алматы қаласындағы өкілдігінің директоры Сергей Тохтаров «Фестиваль алаңдары жеке қабілеттеріне, даму ерекшеліктері мен әуестенулеріне қарамастан, барлық тілек білдірген балалар үшін қолжетімді» деп айтты.

Фестивальді жүйелі негізде өткізу осы жобаның тұрақтылығы мен қажеттілігін дәлелдейді. Қазіргі «Аман келешек» қашықтық форматы бір алаңда Нұрсұлтан Назарбаев Қорының инклюзивті қоғамды дамытуға жәрдемдесу жөніндегі бағдарламасына қатысатын он мыңнан астам жас қазақстандықты жинауға мүмкіндік берді. Елбасының тапсырмасы бойынша біздің елімізде республикамыздың кішкентай азаматтарының шексіз әлеуеті мен шексіз таланттарын дамыту үшін барлық жағдай жасалуда. «Барлық жақсылық – балаларға» — Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиялық бағдарламаларының бағдары дәл осындай. Сіздер – ұлт болашағысыз, сіздердің жасыңызда маңызды рухани және мәдени құндылықтар қалыптасады! Біз сідерзге үлкен табыс, денсаулық және оған апаратын жол қаншалықты қиын болса да, арманға шынайы сенім тілейміз, — деп сөзін жалғастырды спикер.

«Аман келешектің» биылғы ұраны: «Біз Ұлы Даланың мұрагеріміз!». Және ол үлкен мағынаға ие. Ұйымдастырушылардың пікірінше, өскелең ұрпақ жаһандану үдерістеріне және мәдениеттер арасындағы шекаралардың «жойылуына» қарамастан, өзінің мәдени коды мен түркі тарихы мұрасының құндылығын ұғыну маңызды екенін түсінуі қажет. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында: «Өз тарихын еске алатын, бағалайтын, мақтан ететін халықтың болашағы зор. Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі дегеніміз осы», — деп атап өткен болатын.

Іс-шара өнер мен шығармашылықтың әлемді жақсы жаққа өзгерте алатындығының айқын дәлелі болып табылады. Бұл игі фестивальдің міндеті – әр түрлі қажеттіліктері бар балалар мен жасөспірімдер үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету. Осы маңызды әлеуметтік маңызды жобаның ұйымдастырушысы Нұрсұлтан Назарбаев Қорының арқасында мұнда бірлік атмосферасы орнады. Қазақстанда мұндай мерекелер көп болуы керек деп санаймын. Олар балаларды шабыттандырады, өздерін көрсетуге, таланттарын ашуға, бір-бірімен сөйлесуге мүмкіндік береді. Мұнда әр бала үлкен тәжірибе, жаңа таныстар, шабыт алады және келесі жылы фестивальге қатысуға ұмтылады, — деп атап өтті өзінің құттықтау сөзінде Қазақстан Республикасының Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова.

Сондай-ақ, фестиваль қатысушылары мен қонақтарының атына Қазақстандағы БҰҰ Балалар Қорының (ЮНИСЕФ) өкілі Артур ван Диезен құттықтау сөз сөйлеп, ізгі тілектерін білдірді: «Сіздер – бірегейсіздер, және сіздердің тең құқықтарыңыз болуы тиіс. Нағыз инклюзивті қоғам – бұл әрқайсыңызға өз әлеуетіңізді толық көлемде дамытуға және өркендетуге мүмкіндік беретін қоғам. «Аман келешек» фестивалі – идеалды инклюзивті қоғамның тамаша үлгісі. Біздің ортақ міндетіміз — оны күнделікті шындыққа айналдыру. Қазақтың белгілі мақалында айтылғандай: «Балаға байқап сөйлесең, ақылыңа көнер, байқамай сөйлесең, көп ішінде өлер». «Біздің сөздеріміз бен әрекеттеріміз баланың дамуы үшін үлкен маңызға ие. Мұны есте сақтайық».

«Аман келешек» фестивалінің білім беру — практикалық бөлімінде «Шкоды кодят»
бағдарламалау
, дизайн — «Задизайнено», копирайтинг — «Слова Сила», анимация — «Уник-ум», мобильді бейнетүсірілім – «Снимай, как Тарантино», фототүсірілім – «Жарқын фотосурет», көшбасшылық – «Поколение Z», көпшілік алдында сөз сөйлеу – «Выступлай легко» тақырыптарында шеберлік сабақтар өткізілді.

Әр қатысушы өз қызығушылықтары бойынша мастер-класс таңдай алды. Сонымен қатар, барлық тақырыптық алаңдар қазақстандықтардың жаңа буынының өзекті қажеттіліктерін ескере отырып ойластырылған. Олардың негізінде түзету мектеп-интернаттарының, балалар үйлерінің және жалпы орта білім беретін мектептердің балалары мен жасөспірімдерін кәсіптік бағдарлау жатыр. Яғни, «Аман келешек» секциялары оқушыларға болашақта мамандықты таңдауға көмектесетіндей етіп әзірленеді.

«Аман келешек» фестивалі аясында тақырыптық дәрістер, тимбилдинг-ойын, шығармашылық байқау, динамикалық жаттығулар және сыйлықтар ұтыс ойыны өткізілді.

Іс-шара қарсаңында педагогтар мен ата-аналар үшін «Инклюзивті білім беруді дамыту – инклюзивті қоғамға жол» атты онлайн-воркшоп өтті. Аталған іс-шара барысында Қазақстан, Ресей және АҚШ сарапшылары инклюзивті білім берудің маңыздылығын және оның салауатты тұлғаны қалыптастырудағы маңызын талқылады. Воркшоп қатысушылары әртүрлі елдерде инклюзивтік білім берудің қалай құрылғанын білді, инклюзивтік сыныпта ата-аналармен жұмыс істеу үшін құралдар алды, барлық мектеп оқушылары мен үлкен жастағы оқушылар үшін сапалы және қолжетімді білім беру процесін ұйымдастыру бойынша жаңа тәжірибемен байытылды.

Инклюзивті білім беру – барлығына, оның ішінде ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар балаларға да қолжетімді білім беруді көздейтін жалпы білім беруді дамыту процесі. Инклюзивтік білім берудің негізіне балаларды кез келген кемсітуді болдырмайтын және барлық адамдарға тең қарым-қатынасты қамтамасыз ететін идеология салынған, бірақ бұл ретте ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін қажетті жағдайлар жасайды, — деп қорытындылады воркшоп модераторы, «Тең мүмкіндіктер әлемі» ҚҚ директоры Нұргүл Үлжекова.

Фестиваль іс-шараның барлық қатысушыларын салтанатты құттықтаумен және «Аман келешек» шеңберінде өткізілген «Біз – Қазақстан болашағымыз» бейне жұмыстар конкурсының жеңімпаздарын марапаттаумен аяқталды. Байқау шарты бойынша кез-келген шығармашылық форматта бейнеролик жасау қажет болды: ән, көрініс, вайн, өлең, мультфильм, стендап.

Жеңіске үміткерлер өз жұмыстарында болашақта қандай мамандықтар пайда болатынын, адамдар қалай қарым-қатынас жасайтынын, біздің елде не өзгеретінін және т.б. ұсынды. Олар: Шымкент қаласының №37 ОМ оқушысы Арайлым Рахымберді, Ақмола облысының Сандықтау ауылынан облыстық қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушісі Владимир Колошеев, Павлодар қаласының №1 арнайы мектеп – интернатының тәрбиеленушісі Валерия Роппель және Алматы облысының Қаскелең қаласындағы қосалқы мектеп-интернатының тәрбиеленушісі Нұрсұлтан Құланшиев.

Ұйымдастырушылар сондай-ақ 6 жастан 17 жасқа дейінгі балаларға арналған «Алгоритмика» халықаралық математика және бағдарламалау мектебі мен «Ракетная фирма» креативті агенттігіне шеберлік сабақтарын өткізуге көмектескені үшін алғыс білдіреді.