Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап хабарлайды.
Қостанай облысы криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі Олжас Мағыпаровтың айтуынша, 2020 жылы интернет-алаяқтықтың 798 фактісі тергелді. Қылмыстың ең көп таралған түрі – онлайн несие беру. Бұл жағдайда алаяқтар жалған жолмен азаматтардың дербес деректерін алады немесе онлайн-қарыздарды рәсімдеу үшін жоғалған құжаттарды пайдаланады. Өткен жылы мұндай 200-ден астам іс ашылды.
«Адамдар алдын ала төлемді банктік шотқа немесе виртуалды KIWI әмиянға аударады. Мұның жалған тауарларды сатып алу екенін біле бермейді. Пандемия кезінде адамдар электронды әмияндарды, «интернет-банкингті» жиі қолдана бастады. Алаяқтар уақыт өткен сайын жаңа айла-тәсілдерді ойлап табуда», — дейді полиция қызметкері.
Облыстық полиция департаменті алаяқтардың құрбаны болмаудың жолын айтты:
— банк картасының фотосын бейтаныс адамдарға жібермеңіз;
-сіздің абоненттік нөміріңізге келіп түскен смс-кодты үшінші тұлғаға айтпаңыз (осылайша сіз толық қолжетімділікті ұсынасыз)
— тауарды кімнің сататынына көз жеткізбей, кепілзат қоймаңыз(видео қоңырау көмектеседі)
— жеке құжаттарыңызды қараусыз қалдырмаңыз (алаяқтар сіздің жеке деректеріңізді иемденіп, сіздің атыңыздан алаяқтық әрекеттер жасай алады)
— бейтаныс адамдардың QIWI әмиянына ақшаны тастамаңыз.
Егер сіз осындай құқық бұзушылықтың құрбаны болсаңыз, тұрғылықты жеріңіз бойынша полицияға хабарласуға болады.