Тұтынушы денсаулығы және миллиардтаған шығын: Сарапшылар заңсыз темекілерден қандай қауіп анықтады? - kaz.caravan.kz
  • $ 489.31
  • 568.33
+28 °C
Алматы
2026 Жыл
4 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Тұтынушы денсаулығы және миллиардтаған шығын: Сарапшылар заңсыз темекілерден қандай қауіп анықтады?

Тұтынушы денсаулығы және миллиардтаған шығын: Сарапшылар заңсыз темекілерден қандай қауіп анықтады?

Заңсыз темекі нарығы ұлғайып барады.

  • 4 Маусым
  • 99
ЖИ

Заңсыз темекі айналымы бюджетке миллиардтаған шығын әкелетін мәселе ғана емес, тұтынушылар денсаулығына тікелей әсер ететін қауіпке айналып отыр. Алматыда өткен баспасөз мәслихатында сарапшылар заңсыз сатылып жатқан темекілерге жүргізілген тәуелсіз зертханалық зерттеудің нәтижелерін жариялады. Caravan.kz медиа порталының тілшісі сарапшылардың пікірін тыңдап, тақырыпты зерттеп көрді.

«Денсаулық» адам денсаулығына төнетін қауіп-қатерлердің зиянын азайту жөніндегі ұлттық қауымдастығы ұйымдастырған зерттеу барысында Қазақстан нарығындағы ашық сатылымнан алынған заңды және заңсыз темекі өнімдері салыстырмалы түрде тексерілген.

Мамандардың айтуынша, зерттеу нәтижелері заңсыз өнімдерде жүйелі сипаттағы заңбұзушылықтардың бар екенін көрсеткен. Мәселе тек құжаттардың немесе таңбалаудың жоқтығы туралы емес. Сарапшылар өнім сапасы мен қауіпсіздігіне қатысты да елеулі мәселелер анықталғанын айтады.

Зертхана оннан астам заңбұзушылықты тіркеген

Сараптамалық жұмыстар ТМД аумағындағы жетекші ғылыми орталықтардың бірі саналатын «Темекі, махорка және темекі өнімдері жөніндегі бүкілресейлік ғылыми-зерттеу институтында» жүргізілген.

№17/Л/2026 қорытындысына сәйкес, екі түрлі (жарнама болмас үшін, атауын жазбадық) маркалы темекілер заңсыз өнім ретінде танылған. Зертхана мамандары бұл өнімдерден техникалық регламент талаптарының оннан астамы бұзылғанын анықтаған.

Олардың қатарында өнімді қолдан жасау белгілері, міндетті таңбалаудың болмауы, қауіпсіздік стандарттарынан ауытқулар және тұтынушыға ұсынылуы тиіс ақпараттың жеткіліксіздігі бар.

Хлор мөлшері заңды өнімдерден екі есе жоғары шыққан

Зерттеу барысында өнімдердің химиялық құрамына ерекше назар аударылған.

Мәселен, бірінші арзан темекінің құрамындағы хлордың үлесі 1,5%-ды құраған. Бұл заңды өнімдердегі көрсеткіштен (0,7%) 2 еседен астам жоғары. Мамандар мұндай айырмашылықты жай ғана статистикалық көрсеткіш емес, тұтынушы денсаулығына әсер етуі мүмкін маңызды фактор ретінде бағалайды.

«Құрамында хлоры бар қосылыстар жанған кезде сутегі хлориді мен диоксиндер секілді қауіпті заттар бөлінуі мүмкін. Заңды өндірушілер мұндай көрсеткіштерді қатаң бақылауда ұстайды. Ал заңсыз өнімдердің мұндай бақылаудан өтетініне ешқандай кепілдік жоқ», – деді дәрігер, қауымдастық төрағасының орынбасары Гинтаутас Кентра.

Оның айтуынша, зерттеу барысында заңсыз өнімдерден сапасыз шикізаттың иісі мен дәмін жасыру үшін қолданылуы мүмкін хош иістендіргіш қоспалардың белгілері де анықталған. Алайда олардың нақты құрамы мен шығу тегі туралы ақпарат жоқ.

Сүзгідегі ақау шылым түтінінің мөлшерін өзгертуі мүмкін

Зерттеу нәтижелеріндегі тағы бір маңызды жайт — екінші маркалы темекілерінің сүзгісінен анықталған ақаулар.

Зертханалық тексеріс барысында сүзгідегі желдеткіш саңылаулардың бір бөлігі желіммен бітеліп қалғаны белгілі болған. Соның салдарынан ауа өткізу көрсеткіші 4 пайыздан 34 пайызға дейін өзгерген.

Сарапшылардың пікірінше, мұндай тұрақсыздық шылым шегу кезінде ағзаға түсетін зиянды заттардың мөлшерін арттыруы мүмкін.

«Дәрігерлер дәстүрлі темекінің ағзаға қандай әсер ететінін жақсы біледі. Ал құрамы белгісіз заңсыз өнімдер жағдайында нақты қандай қауіп барын болжау қиын. Адам өзіне таныс өнімді сатып алдым деп ойлайды. Бірақ шын мәнінде сапасы мен қауіпсіздігі расталмаған тауарды пайдаланып жүруі мүмкін», – деді қауымдастық төрағасы Т. Нұрғожин.

Заңсыз нарық бюджеттен миллиардтарды алып жатыр

Сарапшылар мәселенің экономикалық салдарына да назар аударды.

Заңсыз сауда мәселелері бойынша сарапшы Ержігіт Рысымбетовтің мәліметінше, қазіргі таңда Қазақстандағы заңсыз темекі нарығы жалпы айналымның 10 пайызынан асып кеткен.

Соның салдарынан мемлекет жыл сайын 40 миллиард теңгеден астам салық пен акциздік түсімнен қағылып отыр.

Оның айтуынша, контрабандалық өнімдердің Алматы базарларында 450–550 теңге аралығындағы бағамен ашық сатылуы заңнама талаптарының сақталуына қатысты сұрақтар туғызады.

«Тұтынушы үшін мұндай өнім арзан көрінуі мүмкін. Бірақ бұл айырмашылықтың артында бюджетке түспеген салықтар мен міндетті төлемдер тұр. Бұл қаржы әлеуметтік бағдарламаларды, инфрақұрылымды немесе денсаулық сақтау саласын дамытуға бағытталуы мүмкін еді», – деді сарапшы.

Заңсыз темекі Қазақстанға қандай жолдармен жеткізіледі?

Сарапшылардың айтуынша, заңсыз темекі өнімдерінің Қазақстан аумағына түсуі бірнеше халықаралық бағыт арқылы жүзеге асырылады. Бұл маршруттар жылдар бойы қалыптасқан және контрабандалық өнімдерді Орталық Азия елдері арқылы тасымалдауға мүмкіндік береді.

БАӘ арқылы өтетін бағыттар

Мамандардың мәліметінше, заңсыз темекі өнімдерінің бір бөлігі Біріккен Араб Әмірліктерінен жөнелтіледі.

Негізгі құрлықтық бағыттардың бірі БАӘ – Иран – паромдық өткелдер – Ауғанстан – Тәжікстан – Қырғызстан – Қазақстан бағыты арқылы өтеді. Бұл схема бойынша жүк алдымен Иран аумағына жеткізіліп, кейін паромдық өткелдер мен жүк көліктері арқылы Ауғанстанға тасымалданады. Одан әрі тауар Тәжікстан мен Қырғызстан арқылы Қазақстанға жеткізіледі.

Сонымен қатар БАӘ – Бішкек – Қазақстан және БАӘ – Ташкент – Қазақстан бағыттары бойынша авиациялық маршруттар да қолданылады. Сарапшылардың айтуынша, мұндай жағдайда өнімдер көбіне duty free дүкендеріне арналған тауар ретінде рәсімделіп, кейін құрлықтағы көлікпен Қазақстан аумағына жеткізіледі.

Қырғызстаннан Қазақстанға жеткізу арналары

Қырғызстаннан келетін заңсыз темекі өнімдерінің негізгі бөлігі Қазақстанның оңтүстігіндегі шекаралық өткізу бекеттері арқылы өтеді.

Сарапшылар негізгі бағыттар ретінде Жамбыл облысындағы «Қордай», «Қарасу» және «Айша бибі» бақылау-өткізу бекеттерін атайды.

Мұндай маршруттардың ерекшелігі – өнімдердің негізінен автокөлікпен, шағын және орта көлемдегі партиялармен тасымалдануы. Заңсыз жеткізушілер тәуекелді азайту үшін балама жолдарды пайдаланып, кейін өнімдерді Қазақстанның түрлі өңірлеріне таратады.

Қытайдан келетін маршруттар

Контрабандалық өнімдердің тағы бір бөлігі Қытайдан жеткізіледі.

Негізгі бағыттардың бірі Қытайдың Құлжа қаласы мен Қорғас маңындағы логистикалық тораптардан басталып, шекаралық өткізу бекеттері арқылы Қазақстанға өтеді.

Сарапшылардың мәліметінше, бұл бағытта өнімдер жолаушылар автобустарымен, жеке тұлғалар арқылы немесе аралас коммерциялық жүктер құрамында тасымалданады. Көбінесе ұсақ көтерме партиялар қолданылады.

Бұдан бөлек, Қытай – Ош – Бішкек бағыты арқылы өтетін арналар да бар. Мұнда кейіннен көтерме сауда жүйесі арқылы өнімдерді өңірлерге тарату тәжірибесі кездеседі.

Ресейден жеткізілетін өнімдер

Заңсыз темекі өнімдерінің бір бөлігі Ресейден де келеді.

Кең тараған бағыттардың бірі Мәскеу – Орал – Ақтөбе және Қазақстанның басқа өңірлері арқылы өтеді.

Бұл жағдайда өнімдерді жеке тұлғалар, жолаушылар тасымалымен айналысатын көліктер немесе жеке автокөліктер арқылы шағын партиялармен жеткізу тәсілі қолданылады. Кейін тауарлар өңірлік көтерме нарықтар арқылы таратылады.

Тек темекі ғана емес

Сарапшылардың айтуынша, аталған маршруттар арқылы заңсыз темекі өнімдерімен қатар басқа да тыйым салынған немесе бақылауы күшейтілген тауарлар анықталып жатады.

Олардың қатарында вейп өнімдері мен заңсыз айналымдағы дәрілік препараттар да бар. Мамандар мұндай көлеңкелі сауда арналарының тек темекі нарығына ғана емес, жалпы тұтынушылық қауіпсіздікке әсер ететінін атап өтті.

Темекінің заңсыз екенін қалай білуге болады?

Ең алдымен олардың бағасына мән беру керек. Егер арзан болса, бұл күмән тудыратын тауар. Сондай-ақ, Қазақстанның Денсаулық кодексі мен Кедендік одақтың техникалық регламентінде бекітілген талаптардың сақталмайтынын бірден байқауға болады. Негізгілері: 

  • Контрабандалық темекіде қазақша жазу жоқ;
  • Темекі қаупі туралы фото және жазба ескерту жоқ;
  • Қазақстандық таңбалау коды болмайды;
  • Data-Matrix коды болмайды не ол жарамсыз болып келеді.

Айта кетейік, бұл жерде контрабандалық және контрафакт темекі өнімдерінің айырмашылығын да білу маңызды.

Контрабанда – бір елде өндірілген темекінің өзге елге салық төленбестен және заңсыз жолмен жеткізілуі болса, ал контрафакт – белгілі бір темекіні тауарлық маркасы иесінің рұқсатынсыз заңсыз жолмен көшіріп шығару.

Қаптамада акциз де, ескерту де болмаған

Зерттеу нәтижелері заңсыз темекілерден дәл осындай бұзушылықтарды анықтады. Атап айтқанда, зерттелген өнімдерде акциздік маркалар, өндіруші туралы мәліметтер мен өндірілген күні көрсетілмеген. Сондай-ақ темекінің зияны туралы мемлекеттік және орыс тілдеріндегі міндетті ескертулер де болмаған.

Бұдан бөлек, қаптамада Еуразиялық экономикалық одақтың сәйкестік белгісі және заңнамада қарастырылған графикалық ескертулер орналастырылмаған.

«Қазақстан тұтынушылар лигасы» РҚБ президенті Светлана Романовскаяның айтуынша, зертханалық қорытындыда бұл өнімдердің заңсыз әкелінгені және қолдан жасалған тауар белгілеріне ие екені көрсетілген.

Заңсыз темекі нарығымен тұтынушылар да күресе алады

Контрабандалық және контрафакт өнімдермен күресу мақсатында 2020 жылдан бастап Қазақстанда тауарларды міндетті таңбалау жобасы басталды. Қарапайым тілмен түсіндірсек, бұл санатқа жататын тауарлар арнайы цифрлық DataMatrix кодпен таңбаланады. Ол арқылы тауардың өндірушіден сатып алушыға дейінгі жолын көруге болады.

Цифрлық кодты тек арнайы мамандар ғана емес, кез-келген тұтынушы смартфонмен сканерлеу арқылы оқи алады. Ол үшін Naqty Onim мобильді қосымшасы әзірленген. Жүктеу де, қолдану да тегін. Оған қоса, тұтынушы контрабандалық өнімге тап келген кезде онлайн форматта шағым да түсіре алады. Шағым бойынша құзырлы органдар тексеру жүргізіп, құрықтау, тәркілеу жұмыстарын жүргізеді.

Сондықтан, қазақстандықтар арасында осы мобильді қосымшаны кеңінен насихаттау керек. Ақпараттандыру жұмыстары тұрақты жүргізілетін болса, әр азамат та тұтынушы ретінде құқығын білетін болады. 

Бұдан бұрын біз дәрі-дәрмектің бағасын және қандай жолмен сатылымға шыққанын тексеруге болатын қосымша туралы жазған едік. Оқи отырыңыз: Дәрі-дәрмектің мемлекет белгілеген шекті бағасын тексеру халық үшін нағыз квестке айналды

Сарапшылар жауапкершілікті күшейтуді ұсынады

Баспасөз мәслихатының қорытындысында қатысушылар заңсыз темекі өнімдерінің айналымына бақылауды күшейту қажеттігін атап өтті.

Олардың пікірінше, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс пен Қылмыстық кодекске өзгерістер енгізіп, заңсыз темекі саудасына қатысты жауапкершілікті қатаңдату қажет.

Сондай-ақ жауапкершілікке тартылғаннан кейін де заңсыз өнім сатуды жалғастыратын тұлғаларға қатысты қосымша шаралар қарастыру ұсынылды.

Сарапшылардың айтуынша, заңсыз темекі мәселесі бүгінде тек көлеңкелі сауда немесе бюджет шығыны туралы мәселе емес. Бұл өнім қауіпсіздігі, тұтынушылардың денсаулығы және заң талаптарының сақталуы сияқты бірнеше маңызды саланы қамтитын күрделі проблема.