Оның пайымдауынша, ашаршылық – қазақ ұлтына жасалған қастандық, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Мұхтар Тайжан ашаршылық жайлы Мәулен Әшімбаевтың пікірімен мүлдем келіспейтінін Facebook парақшасында жазды.
«Мәулен Әшімбаев замандасым жақсы жігіт, ал бірақ бұл жерде мен онымен мүлдем келіспеймін.
Ашаршылық — Қазақ Ұлтына арнайы жасалған қастандық, қолдан ұйымдастырылған геноцид деп білем. Холокост, Голодомор секілді.
Егер біздің буынымыз 20-шы ғасырдағы Ұлттық Ұлы Қасіретіне бұндай ресми бағасын беруге батылдығымыз жетпейтін болса, онда біз миллиондаған құрбан болған әруақтарымызды алдық та сатып жібердік деп айтуға болады.
Өз басым 1920-шы, 1930-шы жылдары нақақтан нақақ қаза тапқан әруақтарды ешқашан сатпаймын және ұмытпаймын. Және де билікте отырған замандастарымды да соған шақырам.
Ашаршылық — ол сөзсіз Қазақ Ұлтына қарсы арнайы жасалған қастандық және нағыз геноцид», — деп сөзін түйіндеді.
Қоғам белсендісінің әрбір жазбасын қалт жібермей оқып отыратын желі белсенділері осы орайда түрлі пікірді қарша боратты.
Мәселен, Есенғұл Қараша есімді желі қолданушысы: «Ашаршылық деген не? Аудармасы аштықпын бірдей. Голодь дегенді білдіреді. Аштық табиғат салдарынан, құрғақшылықтан болатын жұт. 1931-33 жылдары табиғи аштық болған жоқ, әдейі, қолдан ұйымдастырған геноцид немесе этноцид. Әдейі аштан қатырып өлтірді ғой. Украиндар дұрыс айтып жүр, Голодь емес Голодомор деп. Ендеше Ашаршылық емес Аштан қатыру. (пікір иесінің қолтаңбасы сақталды). 1921-22 жылы құрғақшылық болып ашаршылыққа ұласты. Екеуін бірдей Ашаршылық демей, бөліп көрсетіп атау керек, Ашаршылық, Аштан қатыру деп…» десе, Замира Якияева: «Дұрыс айтасыз сол аштықтың кесірінен талай адам жан сақтау үшін ата жұртынан ауа көшуге мәжбүр болған», — деп жазды.
Ал Нургазы Байдибек: «Сол кездегі 15 одақтас Республикалар ішінде тек Қазақта ашаршылық болды, көрші жатқан Өзбекстан, Қырғызстанда болған жоқ, болсада біздегідей деңгейде арнайы емес, осының өзі-ақ айтып тұр ғой Қазаққа арнайы жасалғаны», — деп Мұхтар Тайжанды қолдай жөнелді.
Бұл пікірлер Мұхтар Тайжанның жазбасының астына қалдырылған комментарийлердің аз ғана бөлігі.