Биылғы ұлттық бірыңғай тестілеу үш айға созылады. Ал мектеп түлектері тест тапсыру уақыты мен орнын өздері таңдайды.
Бұл туралы білім және ғылым министрлігінің жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы Sputnik Қазақстан-ға сілтеме жасап.
Департамент директорының айтуынша, ҰБТ бұрынғыдай он күн емес, үш ай бойы электронды форматта өтеді. Ең ұтымды жері сол, мектеп түлегі тестті тапсыру күнін және орнын өзі таңдайды.
"Сонымен қатар, ұлттық бірыңғай тестілеуді екі рет тапсыруға мүмкіндік бар. Ал тест нәтижесі жұмыс күнінің соңында емес, тест аяқталған бойда жарияланады. Апелляцияны 30 минут ішінде беруге болады", – деді Тойбаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.
Биыл республика бойынша 50-ден астам тест тапсыру пункті болады және оның әрбірінде электронды ҰБТ-ны тапсыруға қажетті компьютерлер тұрады. Ал тест тапсырушылар жеке камера арқылы, сондай-ақ аудиториядағы бейнебақылау жүйесімен қадағаланады.
Айта кетерлік тағы бір жаңалық, санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты әрбір орын әйнекпен қоршалады. Сол сияқты, ақпараттық қауіпсіздік мәселесі де ескеріліп отыр.
"Тестілеу процесі шифрлау элементтері бар арнайы жабық VPN желісі арқылы жүзеге асырылады. Пәндердің саны бұрынғыдай қалады. Үш міндетті және екеуі таңдау бойынша бейіндік пән болады. Тестілеу тапсырмаларының да саны өзгермейді. 120 тапсырма, ал ең жоғарғы балл – 140. ҰБТ-ны тапсыруға төрт сағат беріледі", – деп атап көрсетті Тойбаев.
Ресми мәліметке сәйкес, биыл 120 мыңнан астам түлек ҰБТ тапсырады деген болжам бар. Тестілеу сәуір, мамыр мен маусымда өтеді.