Жұмыс жоқтығын сылтауратқан азаматтарға енді әділет департаменті мен жеке сот орындаушылар палатасы екі қолға бір күрек тауып беруге кірісті, деп хабарлайды Caravan.kz порталы КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Өйткені шаһардағы әкелердің бұрынғы отбасы алдындағы берешегі күн санап өсуде.
Руслан Тілеужанов, Алматы қаласының тұрғыны:
— Әйелім "аз төлейді, жасырын жұмыс істеп жүр" деп ойлайды. Менің ондайым жоқ. Бетім ашық. Айтқан. Шақырды. Мен келдім, жұмыс табуға. Қоймашы бар екен, менеджер бар.
Бір ғана Алматының өзінде алимент төлейтін әкелер саны 12 мыңнан асқан. Бірі перзентінің алдындағы берешегін өтеп жатса, көбісі жалақысын жасырып қалуға тырысады. Жауапсыз ерлердің борышын төлетуге мемлекет қолданбаған шара қалмаған. Әйтсе де ескертуді елемейтіндер көп жағдайда төлемнің уақтылы жасалмауын, жағдайының төмендігі және жұмыссыздықпен байланыстырады. Енді "Жұмыс орындары жәрмеңкесі" ұйымдастырылып, әділет басқармасы 15-тен аса компанияны аталмыш шараға тарттып отыр. Әрқайсысында 50-ге жуық бос вакансия бар. Онда ер-азаматтар қолынан келетін жұмысқа орналастыра алады.
Абай Арап, Алматы қаласы Әділет департаментінің басшысы:
— Әрқайсысынан алатын болсаңыз, миллионның үстінде. Әр борышкердің, 200 адамның миллионның үстінде. Үш айдан артық төлемесе,оны проблемалық алиментке кіргізіп жатырмыз. Біреуде 2 миллион бар. Біреуде 3 миллион. Екі адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Он адамға қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр. Оның үстіне тағы алменттен жалтарып жүрген 25 адамға сондай шара дайындап жатырмыз.