Бұл туралы Stan.kz Аман Тасығанның TalkLike жобасына сілтеме жасап хабарлайды.
Халықтың алдында жүргендіктен, өнер адамының жеке өмірі қашанда ел аузында. Мұны Жұлдызай Дүйсенбиева жақсы біледі. Десе де, "Жұлдызай ажырасып кетіпті" деген әңгіменің тамыры қайда жатқанын түсіне алар емес. Себебі "ондай нәрседен хайп жасамаймын" дейді актриса.
Ол өмірлік серігінің байсалды жан екенін, көптің алдына шығуды қаламайтынын ашып айтты.
"Менің өнеріме қызыққан жан емес. Менің көрерменім емес. Екеуміздің мінезіміз ұқсас, әдемі үйлесімділік бар. Бір көргенде мінезге қарамаған шығар. "Көзің әдемі" деп жиі айтады. Мүмкін сол. Қай жеріме қызықтың деп сұрамаппын, шыны керек", – дейді актриса ағынан жарылып.
Дүйсенбиева кезінде артынан бай, дәулетті жігіттердің көп жүгіргенін жасырмайды. Алайда оларды көңілі қаламапты. Себебі оған ақша мен атақтың соңынан кеткен емес, жанын түсінетін адам керек болған.
"Менімен сөйлесетін, мені түсінетін, мені еркелете алатын, мен еркелей алатын, жанымды түсінетін, менің ата-анамды жақсы көре алатын, жүрегі бар адамды көп іздедім. Біз үйде 4 қызбыз, ұл жоқ. Сондықтан менің отбасыма күйеу бала емес, ұл бала бола алатын адамды іздедім.
Шүкір, қазір жақсы, менің әке-шешем 41 жылда ұлды болдым деп қуанды. Үйдегі қыздар жезде емес, аға дейді", – дейді Жұлдызай.
Актрисаның өзі де барған жерінде келін емес, қыз сияқты жүргенін айтады. Халықтың ерке қызын қайын жұрты да алақанына салып отырған көрінеді.
"Тұрмыс құрғаныма 7 жыл болды. Енемнен "әй" деген сөз естіген жоқпын. Қыздары секілді барып-кетемін. Мен не жақсы көремін, соны жасап қояды. Әңгіме айтып отырып, ыдыс жуып қалмасам, осы жеті жылдың ішінде үй жинадым деп өтірік айтпай-ақ қояйын.
Өйткені менен кейін де келіндер бар. Жолдасым үйдің үлкені, бірақ өте кеш үйленді. Сондықтан мен бірден "генерал" болып кеттім.
Атам марқұм "қолыңды көтеріп емес, көзіңмен жұмсап отыра бер" деп айтатын. "Сен – менің ғана келінім емес, елдің қызысың" деп көзі тірісінде сәлем де салғызбайтын. Менің жолым болды. Бұл да болса, өнердің арқасы", – дейді Жұлдызай Дүйсенбиева.