Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Polisia.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Шымкент қалалық ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері “Қарасора-2021” жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында синтетикалық есірткі заттарын таратумен айналысқан бес күдіктіні ұстап, полиция бөліміне жеткізді.
Күдіктілер жалға пәтер алып, онда есірткі заттарын алдын ала бөлшектеу арқылы сатуға даярлап, түнгі уақытта қала аумағындағы жасырын орындарға тығып жүрген. Есірткіні қалдырған орындар туралы олар әлеуметтік желідегі есірткі саудасына арналған парақшада ақпарат беріп, ақшалай қаражат алып отырған.
Аталған күдіктілерді полиция қызметкерлері кезекті есірткі заттарын тығуға шыққан уақытында құрықтады. Олардың бірінің қалтасынан алты дана скотчқа оралған есірткі заттары табылды. Қосымша тұрғылықты мекенжайы бойынша тексеру барысында есірткі заттарын бөлшектеуге қажетті бұйымдар мен басқа да есірткі заттары анықталды. Сондай-ақ күдіктілер тығып үлгерген орындардан полиэтиленді сым қабықшаларына оралған бірнеше есірткі заттары алынды.
Тәркіленген синтетикалық есірткі заттарының жалпы салмағы жарты келіден асады.
Қазіргі таңда факті бойынша қылмыстық іс тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.