30 жастағы Жанарбек Ақтөбедегі тергеу изоляторында бақылаушы болып қызмет атқарған. Оған жазасын өтеуші қауіпсіздігі шектелген мекеменің аумағына телефон әкеліп беруін сұраған. Бақылаушы бұл өтінішін 100 мың теңгеге (235 доллар) орындай алатынын айтқан. Ақша Жанарбектің енесінің банк картасына келіп түскен. Алайда, қызметкер ақшаны алып, уәдесін орындамаған: себебі оның орындауға мүмкіндігі болмаған еді.
"Мен тұтқынның өтінішін жасай алмайтынымды түсіндім, бірақ маған ақша қатты қажет болды" , — деп мойындады бақылаушы Жанарбек.
Қылмысы әшкереленген кезде заң бұзушыға қатысты "Алаяқтық" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Сотталушы бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындауды сұраған. Жәбірленуші тұтқын ақшаны қайтарғандықтан ешқандай шағымы жоқ екенін жеткізген.
Осыған қарамастан, Жанарбекті үш жылға бас бостандығынан айырып, аға сержант шенінен және мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге өмір бойына шектеу қойылды.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ. Енді сотталған қызметкер соңғы рет өзі қызмет атқарған тергеу изоляторында қамауда болады.