"Жылап" алуға ең ыңғайлы мезгіл": Психолог күзгі күйзелістің қауіпті тұстарын атады - kaz.caravan.kz
  • $ 498.34
  • 519.72
-1 °C
Алматы
2024 Жыл
23 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
"Жылап" алуға ең ыңғайлы мезгіл": Психолог күзгі күйзелістің қауіпті тұстарын атады

"Жылап" алуға ең ыңғайлы мезгіл": Психолог күзгі күйзелістің қауіпті тұстарын атады

Күзгі блюз (күйзеліс) - бұл дене мен психиканың жарықтың болмауына байланысты бейімделуі.

  • 17 Қыркүйек 2021
  • 224
Фото - Caravan.kz

Бұл күймен қалай күресу керек, оның қандай салдары болуы мүмкін деген сауалдарға PsyHelp психологпен кеңес онлайн платформасының маманы Индира Әшімхан Caravan.kz медиа порталының тілшісіне айтып берді.

Күзгі күйзеліспен қалай күресу керек?

— Күзгі күйзеліспен күресу үшін алдымен оның уақытша қалыптасқан  көңіл-күй екендігін естен шығармау керек. Көп ретте адамдар осыны түсінбей, өмірден күдерін үзердей болады. Алайда ол дұрыс емес.  Бұл күй уақытша болғандықтан, өзіңізге түсінушілікпен қараған жөн: түс уақытында жылы киініп, қолыңызға тәтті ыстық шоколад құйып алып 15-30 минут серуендеп,  дәмді де сүйікті тағамдармен тамақтанып, өзіңіздің көңіліңізге жақын дүниелермен айналысқан жөн.  Мысалы: сүйікті кино, сериал көру, жақындарыңмен күзгі саябақта серуендеу, тоқыма тоқу, сурет салу дегендей. Міндетті түрде қимыл қозғалыс беретін бір спорттың түрін қосу маңызды — себебі ағзаға жылу жетіспейді. Тағы бір кеңес, жаңа мақсаттар адамды алға жетелейді,  сондықтан, жаңа жылға жаңа мақсаттар мен жоспарларды айқындау арқылы көңіл-күйді көтеруге болады. 

Негізгі көңілінде қаяу бар адам бұл істерден аулақ болады. Егер де осы кеңестерді жүзеге асыру қиынға соқса, 2 аптаның ішінде көңіл-күй орнына келмесе, онда міндетті түрде психологпен кездесуге бару керек. Себебі созылмалы депрессияға шалдығып кету қаупі бар.

— Адам неліктен осындай күйге түседі?

— Күзгі  көңіл- күйге күн сәулесінің азайып, табиғат пен адам ағзасындағы тіршілік процестерінің бәсеңдеуінен болады.  Бүкіл тіршілік иесі ауа қысымын, ылғалдылықты, магниттік құйынды сезінеді. Оған ағза гормондардың белсенді күйінен эконом күйіне көшуімен жауап береді. Яғни серотонин мен мелотанин аздап бөліне бастайды.  Бұл күйге көбінесе мазасыз, шамадан тыс жауапты, педантты, күдікті, әсерлі адамдар бейім келеді. Сондай-ақ, жүкті әйелдер, жақында ауыр стресс алған адамдар жиі шалдығуы мүмкін.

— Осындай көңіл-күй созылмалы ауруға айналуы мүмкін бе? Салдары қандай болуы мүмкін?

— Ия, жаны саудың тәні сау демекші, осындай көңіл-күйді дер кезінде елеп-ескеріп, қолға алмаса, ол адамның иммунитетін күрт төмендейді.  Сосын күз кезінде көп кездесетін тұмау,  цистит, пиелонефрит, ұшық, асқазан, сүйек аурулары, тері қышуы, жүйке-жүйенің тозуы сияқты ауруларға әкелуі мүмкін.

— Қай жастан бастап адам бұл күйді сезе бастайды? Осенняя хандра жас мәселесіне қатысты ма?

— Күзгі күйзеліс жас мәселесіне қатысты емес. Тек адамның психикалық денсаулығы — тұрақтылығына байланысты. Егер адамның көңіл-күйі шартсыз, яғни сыртқы факторларға қарамастан бір-қалыпты жақсы болса, жүрегінде қуаныш, махаббат пен жылулық бар болса, ол мейлі бала болсын, ересек болсын,  күз мезгілін қуана қарсы алады. Егер, уайымдары көп, мазасыз, үнемі сыртқы факторларға сезімталдық танытатын адам болса — ол алам үшін күз мезгілі "жылап" алуға ең ыңғайлы мезгіл болып келеді.  Сондықтан өмір мен табиғаттың барлық өзгерістерін жақсы қабыл алу үшін, психикалық денсаулығымыздың сапасын жақсартуымыз керек.