2025 жылға қарай студенттердың шәкіртақысы тағы екі есеге өседі. Бұл туралы білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы Sputnik Қазақстан-ға сілтеме жасап.
Министр соңғы жылдары гранттар саны екі есеге жуық өскенін атап өтті. Айтуынша, 2025 жылға қарай гранттар саны кезең-кезеңмен 75 мыңға дейін жетеді.
Сонымен қатар студенттердің шәкіртақысы да көбейеді.
"Президент тапсырмасы аясында студенттердің стипендиясы 2025 жылға қарай екі есеге, ал магистранттар мен докторанттардың стипендиясы 1,5 есеге артады", — деді Аймағамбетов үкімет отырысында.
Айта кетері, қазір бакалавр студенттері 31 423 теңге стипендия алады. Педагогика мамандықтары бойынша оқитын студенттерге 50 400 теңге төленеді.
Болашақ дәрігерлердің шәкіртақысы да екі есеге – 26 186 теңгеден 50 400 теңгеге дейін ұлғайды.
Магистранттардың стипендиясы – 76 950 теңге, докторанттар – 172 500 теңге алады.