"Үзілді-кесілді қою керек". Маман қазақта қыз алып қашу дәстүрі болмағанына дәлел айтты - kaz.caravan.kz
  • $ 494.87
  • 520.65
-1 °C
Алматы
2024 Жыл
22 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
"Үзілді-кесілді қою керек". Маман қазақта қыз алып қашу дәстүрі болмағанына дәлел айтты

"Үзілді-кесілді қою керек". Маман қазақта қыз алып қашу дәстүрі болмағанына дәлел айтты

Қазір қазақ қоғамында қыз алып қашу сейілмей тұр. Бұл қазақтың дәстүрі деген желеу айтылады. Жалпы, қазақта "қыз алып қашу" деген дәстүр болған ба? Этнограф Болат Бопайұлы қазақ қоғамындағы қыз алып қашу туралы айтып берді. 

  • 19 Қараша 2021
  • 72
Фото - Caravan.kz

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Tengrinews.kz-қа сілтеме жасап хабарлайды.

Маманның айтуынша, қазақта "қыз алып қашу" деген дәстүр де, ғұрып та, салт та, ырым да жоқ.

"Қазақ халқы "Қыздың жолы жіңішке" деп, қыз баланың орнын өте жоғары бағалайды. Қыз келген шаңыраққа құт қонады, бақ дариды деп ырым етеді. Қыз балаға қол көтермейді, қызды жылатпайды, балағат сөз айтпайды, қыз жүрегін ауыртпайды, олай етсе бүкіл отбасының құты қашады, бағы таяды деп сенеді. "Ұл баланы сүндеттеу", "қыз баланы құтты орнына қондырып ұзату" ата-ана парызы саналады. Ұрпағын бақытына балап, бағы санап, төбесінен құс ұшырмай, көзінің қарашығындай аялап өсіреді", — деп түсіндірді этнограф.

"Міне, осындай аядай алақанында ұлықтап ұстап отырған, отбасының шам-шырағы болып жанып тұрған қызды бөгде, бөтен, бейтаныс бір ер адам ту сыртынан бас салып, қорқытып-шошытып, ат бауырына не арбаға, қазіргі кезеңдегідей көлікке қой басқандай салып алып кетпеген. Зорлықпен алып қашып, "Енді менің қалымдығым боласың" деп қинау, қарсы шыққан адамға "Бұл атам қазақтың дәстүрі" деу әбестік. Барып тұрған тұрпайы әрекет, қылмыс. Қазақта ондай жаман дәстүр, жарамсыз салт жоқ. Бұрын да болған емес", — деп баса айтты маман. 

Болат Бопайұлының айтуынша, аттан жығылса да, салттан жығылмаған қазақ дәстүр мен салтты еш уақытта бұзбаған. Ата салтын қаз қалпында сақтаған. Оған ғасырлар бойы қиянат жасамай, атқарып келгенін еске салды.

"Жалпы алғанда қыз алып қашу қазақ ғұрпына да салт пен дәстүріне де, бүгінгі заңға да қайшы. Жеті атадан қыз алыспау, текті жерге қыз беру, тәрбиелі жерден келін түсіру дәстүрінің арқасында қазақ отбасында бұрынғы заманда ерлі-зайыптылардың ажырасуы мүлде болған емес. Кем-кетік бала да тумаған. Сондықтан қазақтың қаны мен жаны таза сақталған. Берекесі шайқалмаған", — дейді ол. 

Этнограф қазақ дәстүрі деп сылтауратып, қыз алып қашуға заң бойынша қатаң қарау керегін айтты. 


"Көшеде жүрген бейтаныс қызды тарпа бас салып, алып қашып, зорлықпен неке қидыру дұрыс емес. Алып қашып келгені біреудің әйелі шығар, оның басқа арманы бар шығар. Шетінен түсіп, басын бүркеп алып қашып кете беретіндей қыз — қорадағы қой емес. Мұндай жүгенсіздікке заң бойынша қатаң қарау керек. Әрі қыз алып қашу дәстүрі қазақта жоқ екенін түсіндіру шарт", — дейді маман.

Болат Бопайұлының айтуынша, қыз алып қашу қазақ дәстүрі емес десек те, мұндай жағдай бұрын ара-тұра болып тұрған екен, онда да жиі емес.

"Қыздың әке-шешесі жігіт жаққа қыз бермейміз деген жағдайлар болған. Бірақ қыз бен жігіттің ортасында шынайы махаббат болады. Олар амалсыз, қызды зорлықпен емес, қыздың өз қалауымен алып қашқан. Үйге барған соң, қыздың туыс-туғандарына хабарлап, қыздың кәдесін толық өтеген. Шамасы келмесе, араға уақыт салып барып, ата күші, ана сүті деген жеңіл-желпі кәдені жасаған. "Қалыңсыз қыз болмаса да, кәдесіз қыз жоқ" деген тәмсіл осыдан қалған", — дейді ол. 

Маман қазақ отбасына жанжал әкелетін дәстүр мен салт жасамағанын еске салды. Ал жолдан қосылған жаңсақ дәстүр атқармаған.

"Қызды ел анасы санап, оны ерекше құрметтеп, сыйлаған. Қазақтағы жер мен жесір дауы — өте үлкен даулардың бірі. Қыз ұзатылып барған жерінде күйеуі қайтыс болғанда, әмеңгерлікпен қайны жеңгесіне үйленіп, жесірін қаңғыртпай, жетімін жылатпай қамқор болып отырған. Сондықтан көшеден қызды малша тиеп алып, "Қыз алып қашу" салтымыз бар дегенді үзілді-кесілді қою керек. Қазақ дәстүрін бұзсақ, ол ұлтымызға үлкен құрметсіздік жасағанымыз", — деді Болат Бопайұлы.