В.Храпуновтың хабарлауынша, 2004-жылы Алматыдағы тозығы жеткен тұрғын үйлерді құлатып, жаңасын салуға бағытталған пилоттық жоба жүзеге асырылады. Атап айтсақ, Түрксіб ауданындағы өртеніп кеткен бір үйдің орнына көп пәтерлі тұрғын үй салу жөнінде шешім қабылданған. Әкімнің айтуынша, Алматыдағы жаңартылуы тиіс тұрғын үйлердің жалпы иемденетін ауқымы 2,3 млн. шаршы метрді құрайды.
2004-жылы қаладағы ықшам аудандардың басым көпшілігінің негізін құрайтын панель үйлердің ескіру деңгейін анықтау жұмыстары басталады. Осындай үйлердің бірін сейсмолог мамандар жер сілкінісіне төтеп беру қабілетіне қарай тексеріп көрмекші. Зерттеу нәтижесіне байланысты осындай үлгідегі үйлерді бұзу немесе оларды реконструкциялау жөнінде шешім қабылданады.