Облыс әкімі Болат Жылқышиевтің бұйрығымен құрылған комиссия жанар-жағармай бағасының қымбаттауына негізгі түрткі болған себеп — мұнай өңдеуші «ПетроҚазақстан» ААҚ-ның бір аптаға жұмысын тоқтатуы, өткен жылғы осы мерзіммен салыстырғанда жанармай экспорттау көлемінің 13,5 есе өсуі мен әлемдік рыноктағы мұнай өнімдері бағасының қымбаттауы болмақ деген тұжырымға келді.
«ПетроҚазақстан» ААҚ-ның өнімдерін бөлшек саудалаумен айналысатын «Жанармай-тор» ЖШС-нің президенті Бауыржан Аманбаевтың айтуынша, бағаның қымбаттауына зауыттың қысқа мерзімге тоқтатылуы, және соған байланысты отын қамтамасыздығының азаюы басты себепкер болды. «Пайда болған дүрлікпе қобалжыс салдарынан жанармай таратушы станциялар қожайындарының жүйкесі шыдамай, бағаны бірден қымбаттатып жіберді»,- дейді ол. Дейтұрғанмен, Б.Аманбаев «алдағы уақытта біз «ПетроҚазақстан» ААҚ-на үлкен көлемде тапсырыстар беретін боламыз»,- деп сендірді.
Жанармай таратушы станциялардың қожайындары қауымдастығының төрағасы Қайырбек Қамбаров та сатылатын жанармай мөлшерінің азаюы бағаның қымбаттауына әсер еткен басты себеп деген пікірге қосылады. Оның айтуынша, дәл қазіргі таңда облысқа Атырау мен Ресейден жанармай жеткізіліп, жанармай тарату станцияларындағы баға арзандай түсуде. Қазір АИ-80 жанармайын 48 теңгеге сатып алуға болады. Ал бір апта бұрын оның бағасы 55-57 теңгеге дейін шапшыған болатын.
Облыс әкімінің орынбасары Светлана Бурленко комиссия өз жұмысын одан әрі жалғастырып, тек жанар-жағармайға ғана емес, сонымен бірге айрықша қажетті азық-түлік тауарларына да, соның ішінде ұн мен нан бағасына да баса назар аударылатынын хабарлады. «Қазіргі басты проблема- өнім өндірушілер мен тұтынушылардың мүдде тепе-теңдігін біркелкі сақтау болып тұр»,- деді ол.