Қазақстандағы Ресей жылы аясында Ақтөбе облысына Орынбордан кәсіподақ ұйымдарының федерациясы өкілдері келді. Ондағы мақсат — нарықтық экономика жағдайындағы жұмыс тәжірибесімен бөлісу.
Дөңгелек үстел басына жиналған тараптар екі облысқа ортақ қиындықтарды талқылады. Мәселен, Ақтөбе облысында тек орталықта ғана жұмыс істейтін 8 ірі кәсіподақ ұйымы құрылған. Ал аудандарда ондай ұйымдар атымен жоқ. Орынборлықтардың айтуынша, «нарықтық экономика ахуалында жұмыс істеуге тәжірибе жетіспеу салдарынан оларда да кәсіподақ ұйымдарының бірлестіктері арасындағы байланыс үзілген немесе мүлдем әлсізденген».
Екі облыстың кәсіподақ ұйымдары арасындағы ынтымақтастық туралы келісім мен 2004-2005-жылға жоспарланған шаралар облыстағы жұмысшы-қызметкерлердің құқығын қорғаудағы көптеген түйткілдерді шешеді деп күтілуде. Ол үшін екі жақты консультациялар өткізіп, салалық деңгейде өкілдер алмасуға мәміле жасалды.