Ұйымдасқан қылмыс, заңсыз көші-қон және заңсыз есірткі айналымымен күрес саласындағы екі ел құқық қорғау органдары арасындағы ынтымақтастық мәселесі екі жақ өкілдерінің қатысуымен бүгін өтетін дөңгелек үстелде егжей-тегжейлі талқыланады, деді В.Рушайло.
Ол сондай-ақ, Ресей мен Қазақстанның құқық қорғау құрылымдары мен арнаулы қызметтерінің лаңкестікпен күрес бағытындағы іс-шараларын өзара үйлестіру қажеттігін мәлімдеді. «Бұған Мәскеуде болған соңғы оқиға нақты дәлел бола алады»,- деді РФ Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы. Оның пікірінше, ол үшін бірінші кезекте, құқық қорғау құрылымдары мен арнаулы қызметтерді озық техникамен жабдықтау қажет. «Бұл мәселеге біз қосымша назар аударып отырмыз»,- деді ол.
В.Рушайлоның журналистерге хабарлауынша, «аталған мәселелердің барлығы да Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен болған сұхбат барысында талқыланды». Сондай-ақ, президентпен жүздесуде Ұжымдық қауіпсіздік келісім-шарты ұйымы мен екі жақты қарым-қатынастар аясындағы өзара әскери және әскери-техникалық ынтымақтастық мәселелері сарапқа салынды. В.Рушайлоның айтуынша, Қазақстан президенті «екі ел арасындағы ынтымақтастық мәселесіне айрықша маңыз» берумен бірге «оны оң бағытта дамып келе жатқан байланыс» деп бағалады.