"Қазір жігіттер беттерін тартып, бояп алады": Жақында ақталып шыққан вице-адмирал әскерде не себепті суицид көбейгенін айтты - kaz.caravan.kz
  • $ 498.34
  • 519.72
-4 °C
Алматы
2024 Жыл
23 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
"Қазір жігіттер беттерін тартып, бояп алады": Жақында ақталып шыққан вице-адмирал әскерде не себепті суицид көбейгенін айтты

"Қазір жігіттер беттерін тартып, бояп алады": Жақында ақталып шыққан вице-адмирал әскерде не себепті суицид көбейгенін айтты

Қазақстан Республикасы Қарулы күштері жоғары қолбасшылығының өкілі, вице-адмирал, 2020 жылдың мамыр айында істі болып, биылғы жылдың ақпанында ақталып шыққан Жандарбек Жанзақов қазіргі әскерилер арасында не себепті өз-өзіне қол жұмсау фактілері көбейгенін айтты.

  • 10 Ақпан 2023
  • 595
Фото - Caravan.kz

Вице-адмиралдың сөзінше, елімізге әскерде борышын өтеу мерзімін 1 жылдан, қайта 2 жылға ұзарту керек, деп хабарлайды Caravan.kz тілшісі.

Жандарбек Жанзақовтың сөзінше, жалпы күштік құрылым жүйесінде аз уақытта "кінәліні таба салу" тәжірибесі бар көрінеді. 

"Мен өзім істі болып, жақында ғана ақталған жайым бар. Ал мынадай қоғамды дүр сілкіндіретін оқиғалардың қазақ әскерінде болып жатқаны, әрине жанға батады. Бізде жалпы тек қорғаныс министрлігі ғана емес, жалпы күштік құрылымдардың барлығында аз уақыт арасында «кінәліні» таба салу «жүйесі» бұрыннан бар әрі жалғасып келеді. Егер мұндай резонанстық жағдай (Шөлдала шекара пунктіндегі сарбаз өлімі – ред.) тікелей президенттің бақылауында болса, онда тіптен кінәлінің кім екеніне нақты көз жеткізбей, "біреуді" түрмеге отырғыза салу оп-оңай", — деді ол.

Сонымен бірге Жандарбек Жанзақов әскерде орын алған көптеген резонансты жағдайларды қорғаныс министрлігіне "сілтей" бермей, өзге де күштік құрылымдары арасында да кінәлілер болуы мүмкін екендігін алға тартты.

"Өзім бұрынғы әскери адам ретінде, бұл саланы бүге-шігесінен дейін білемін деп айта аламын және ІІМ немесе қорғаныс министрлігі болсын, өз қоластындағы қызметкерлерінің осындай былыққа батқанын қаламайды. Қазір бізде әскерге бұрынғыдай 18 жастағы балалар ғана келмейді, 19-21 жастағы, яғни ес білген, өз өміріне жауапкершілікпен қарай алатын жастар келіп жатыр ғой? Сол себепті, осы сәтті пайдалана отырып, айтқым келетіні, мысалы "Шөлдаладағы" қайғылы жағдай ҰҚК, Шекара қызметінде орын алған. Демек біз халыққа осындай жағдайлардың қай күштік құрылымда болып жатқанын нақтылап айтуымыз керек, жалпы қазақ армиясында осы іспетті сұмдық жайттар орын алуда деп айту қате", — деді ол.

Бұдан бөлек спикер Қазақстанда шекара қызметіне жұмысқа тұру өте қиын екенін атап өтті.


"Бұл жылдам әскери қызмет болып саналатын шекара қызметінде осындай жағдайдың орын алуы, тіпті миға қонымсыз дүние. Себебі шекара қызметіне сарбазды жұмысқа алу кезінде, оны, отбасын, сотталған, сотталмағанын жарты жыл, тіпті жылдап тексереді. Мысалы әскерге шақырылған 1000 адам болса, соның тек 10-ы ғана шекара қызметіне өтуі мүмкін. Енді мені мазалайтын сұрақ, әріптесіне осындай "қорлық" көрсеткен адамдар, қалай ғана шекара қызметінде қызмет етіп жүр? Мұндай адамдар қызметке тұрарда, арнайы тексерістен өтпеді ме?", — дейді ардагер.

Сонымен бірге армия ардагері қазіргі жастардың, ер балалардың тым "нәзік" болып кеткенін де жасырмады.

"Кеңес Одағы кезінде ерлер боянды ма? Ал қазір бұл қалыпты жағдайға айналды. Одан қалса ер балалар беттерін тартады. Бізде тіпті мұндай жағдайларда азаматтардың "ер" немесе "әйел" екенін, яғни жынысын анықтайтын жағдайға жеттік. Себебі әскерде оның жынысына қарамайды, бастысы дені сау, параметрлерге келсе болғаны, әскерге шақыртылады. Сіздер біздің кезде әскерде қандай жарғы болғанын білмейсіздер ғой? Бірақ қазір де сол жарғылар қалған, бірақ адамдар, жастар өзгерген. Бұрын біз әскерде 2-3 борышымызды өтедік, сол уақыт аралағында жай "пластилиннің" өзінен адамды жасап шығаруға болады. Ал қазір қалай? Бір жылда ешқандай да әскери адам тәрбиелей алмайсыз, себебі физикалық тұрғыда үлгермейсіз. Яғни ол әскерге келеді, кетеді. Бұрындары 2 жылда әскерде өзің-ақ адам болып шығасың деп айтушы еді ғой, сол себепті 2 жыл әскерде борышты өтеуді қайта қайтару керек", — деп сөзін қорытындылады Жандарбек Жанзақов.