Бұл туралы ол Facebook желісіндегі парақшасында жазды, — деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
"Инста мен ФБ-да қайта-қайта үзінділері шыға берген соң қарап шығайыншы деп көріп едім Жылқышыбайдың «Уақыт көрсетеді» деген бағдарламасы екен (https://www.youtube.com/watch?v=4jmyb8fs3BI). Ұзын ырғасы — Динара Әлжан деген әнші кімнің тоқалы болғанын, кімнің көңілдесі болғанын, Қайра Нұртастың казинодағы «қорадан» шығуға жәрдемдескенін, Кентал деген әншінің наркотик сататындармен таныстырып, бір кездері есірткіге, оның ішінде кокаинге отырғанын, үнемі үйге шейін әкеп тұратынын, әлемдегі ең бай сантехниктің тоқалы болудан қалған соң, Шымкенттің бұрынғы әкімі Ғабидолланың оған көз тігіп 70 000 $ көмекке (якобы клипке), 20 000 $ сырға алып бергенін т.б. оқиғаларды баяндайды. Қысқасы, біздің қоғамның азғындығын басынан өткен оқиғалармен сипаттайды.
АЛ ОНДА ТҰРҒАН НЕ БАР ДЕРСІЗ?
Жылдар өте келе дұрыстап тұрып кино да көре алмай қаласың. Кино, сұқбат көріп отырсаң, саған бағынбайтын миыңның бір бөлшегі қылмыстарды саралап, заң бұзушылықтарды анықтап, "жағаласып" отырады.
Осы сұқбаттың өзінде бірнеше қылмыстың ұштығы бар.
1) Кентал мен "командасының" есірткіге қатысы;
2) Ғабидолланың қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану ма, әлде кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласу ма, оны тексеріс анықтау керек;
Және ол сандырақ емес, Жылқышыбай басында сұрап алды: «Ертең сөздеріңізден тайып, ана жерін, мына жерін алып тасташ», — деп сұрамайсың ба? – деп.
Миларыңызды қатырмай біреуін ғана айтайын.
Кокаин өте қауіпті және қымбат есірткі, сол себепті оның 1 граммы 3.07.2019 жылғы Үкімет бекіткен ЖИЫНТЫҚ КЕСТЕге сәйкес аса ірі мөлшер болып есептеледі (3, 4- СУРЕТТЕРДІ ҚАРАҢЫЗ). Ал енді осы аса ірі мөлшерде есірткіні өткізу, алу Қылмыстық кодексінің 297-бабына сәйкес 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айрылатындықтан аса ауыр қылмыс болып табылады (5-СУРЕТІ ҚАРАҢЫЗ).
Бұл оқиға 2016-18 жылдары болған, одан бері 5-7 жыл өтті. Кез келген қылмыстық (кейбір қылмыстардан басқа) ескіру мерзімі болады.
БҰЛ ҚЫЛМЫС ЕСКІРІП ҚАЛҒАН ЖОҚ ПА?
ҚР ҚК 71-бабының 1-бөлігінің 5-тармағына сәйкес аса ауыр қылмыс жасаған соң 15 жыл өту керек (6-СУРЕТІ ҚАРАҢЫЗ). Демек, әлі де ескірген жоқ.
АЛ ЕНДІ КІМ АЙНАЛЫСУ КЕРЕК, МІНДЕТТІ ТҮРДЕ АРЫЗ ЖАЗЫЛУЫ КЕРЕК ПЕ?
Қылмыстар 3-ке бөлінеді (ҚПК 32-бабы).
1) Жеке айыптау істері, яғни арыз жазбаса қозғалмайды, арызын кері алғанда бірден тоқтайды (мысалға, қорлау, ҚК 131-б.);
2) Жеке жариялы айыптау істері, яғни ол да арыз жазбаса қозғалмайды, арызды кері алса да бірден тоқтамайды, біраз шарттары бар (мысалға, зорлау, ҚК 120-б.);
3) Жариялы айыптау істері, яғни ешқандай арызды күтпейді, мәлім болған сәттен бастап іс қозғалады, тоқтамайды (мысалға, кісі өлтіру, ҚК 99-бабы).
Есіркімен байланысты қылмыстар нақ осы жариялы айыптау болып табылады. Ешқандай арызды күтпей тергеп тексеріледі.
СОНДА ҚҰЗЫРЛЫ ОРГАНДАР ҚАЛАЙ ТЕРГЕП ТЕКСЕРЕДІ, ОЛАР ИІСКЕП БІЛЕ МЕ? — деген сұрақ Сізді мазалап тұрғанын білем.
Қылмыстық процестік кодекстің 180-бабына (1-бөл. 3-тарм.) сәйкес бұқаралық ақпарат құралдарындағы хабарлар сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастауға себеп болып табылады (7-СУРЕТІ ҚАРАҢЫЗ).
YOUTUBE КАНАЛ БАҚ БОЛЫП ТАБЫЛА МА?
«Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» ҚР 1999 жылғы 23 шілдедегі заңының 1-бабының 4-тармағы БАҚ деген не дегенде анықтама беріп, олардың қатарында «интернет-ресурстарды қоса алғанда, бұқаралық ақпаратты… үздiксiз бұқаралық таратудың басқа да нысанын» таниды. Демек, осы каналға сүйеніп, прокуратура ҚР Бас прокуратурасы / Генеральная прокуратура РК, полиция Ішкі Істер Министрлігі тергеп тексеруге тиісті", — деп жазды ол.