Шымкенттік тұрғын досының беделін түсіретін ақпаратты таратпау үшін 100 000 доллар талап еткен, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қаратау ауданының тұрғыны полицияға бопсалау туралы арызбен жүгінген. Жігіт өзін әлеуметтік желінің белгісіз қолданушысы қорқытып, одан 100 мың доллар талап еткенін көрсетті. Әйтпесе, оның интимдік сипаттағы жеке суреттері мен видеоларын интернетке жариялаймын деп қорқытқан.
"Өз беделіне алаңдаған тұрғын келісіп, оның нұсқауын орындап, бопсалаған соманың 10 миллион теңгесі салынған сөмкені көшелердің біріндегі темір құбырдың астына қалдырған. Күдіктіні бірнеше сағаттан кейін ақшаны алуға келген кезде полицейлер қылмыс үстінде ұстады", — делінген хабарламада.
Аталған жайт ҚР ҚК-ның 194-бабы 4-бөлігі бойынша СДТБТ тіркелген. Ұсталған адам өзінің досы болып шықты.
"Досының мас күйін пайдаланған жолдасы, оның смартфонындағы жеке суреттері мен бейнежазбаларын өзіне жүктеп алған. Бопсалаушы УҰИ-ға қамалды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр", — делінген хабарламада.