Қазақстан президенті ТүрКСОЙ тұрақты кеңесіне қатысушыларға хат жолдады - kaz.caravan.kz
  • $ 498.34
  • 519.72
-6 °C
Алматы
2024 Жыл
23 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қазақстан президенті ТүрКСОЙ тұрақты кеңесіне қатысушыларға хат жолдады

Қазақстан президенті ТүрКСОЙ тұрақты кеңесіне қатысушыларға хат жолдады

Бүгін, 14-шілдеде Астанада мәдениет пен өнерді бірлесе дамыту жөніндегі халықаралық ұйым- ТүрКСОЙ тұрақты кеңесінің кезекті 21-отырысы басталды. Кеңес мүшелері болып табылатын түркітілді елдердің мәдениет министрлеріне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жолдау жіберді,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі республика Елордасынан.

  • 14 Шiлде 2004
  • 771
Фото - Caravan.kz

Мемлекет басшысы өз жолдауында «түркітілді мемлекеттердің мәдениет министрлерінің қонақжай Қазақстан жеріне аман-есен келуіне қуаныш білдіре келе», отырыс жұмысына табыс тіледі.

Н.Назарбаев «ТүрКСОЙ халықаралық ұйымының іс-қызметі біздің халықтардың мәдениеті мен салт-дәстүрлерінің қайта жаңғыруына түрткі болып қана қоймай, оларды байыта дамытуға, төл мәдениеттерімізді ұрпақтан ұрпаққа, ғасырдан ғасырға жалғастыруға мұрындық болады» дегенге сенім білдірді.
Қазір отырыс жұмысы одан әрі жалғасуда. Түстен кейін Астанадағы президенттің мәдени орталығында шара аясында ТүрКСОЙ ұйымына мүше елдердің қылқалам шеберлерінің көрмесі ашылады. 15-шілде, бейсенбіде көрме жеңімпазы ТүрКСОЙ ұйымының бейнелеу өнері саласындағы арнаулы сыйлығымен марапатталады.
ТүрКСОЙ-дың іргетасы 1992-жылғы көктемде түркітілді елдердің мәдениет министрлерінің Стамбұлда өткен алғашқы кездесуінде қаланды. 1993-жылдың маусым айында Алматыда ұйымға мүше әрі оған құрылтайшы алты мемлекет — Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Түркия және Өзбекстан «ТүрКСОЙ ұйымын құру және оның жұмыс істеу принциптері туралы келісімге» қол қойды. Соңынан бұл келісімге Татарстан, Башқұртстан, Тыва Республикасы, Хакасия Республикасы, мен Молдова құрамындағы Гагауз Йери аумақтық автономиялық округі бақылаушы ретінде бірікті. Бүгінгі таңда ТүрКСОЙ Саха-Якутия , Чуваш және Алтай Республикаларымен белсенді байланыс орнатқан. Түркия — ТүрКСОЙ халықаралық ұйымының депозитарий-мемлекеті болып табылады. Түркітілді елдердің мәдениет министрлерінің тұрақты кеңесі — ұйымның жоғарғы басқарушы органы. Ұйымның атқарушы органы — ТүрКСОЙ бас дирекциясы Анкарада орын тепкен. Ұйымның ресми жұмыс тілі — түрік тілі болып табылады.
ТүрКСОЙ-дың басты мақсаттары — әлемдік қауымдастықтың рухани дамуын аймақтық және жалпы дүниежүзілік деңгейде басым бағдар ретінде мойындау, түркітілді елдер мен халықтар арасында өзара түсіністік пен достық байланыстар орнату, түркі тектес халықтардың этногенезі, тарихы мен өнерін зерделеу саласындағы ғылыми зерттеулерді дамыту, өскелең ұрпақтың төл тарихы, ана тілі, тума өнері мен салт-дәстүрлерін зерттеп-білуіне жан-жақты қолдау көрсету болып табылады.
ТүрКСОЙ-дың кезекті отырысы Қазан қаласында өтіп, аталмыш көне қаланың 1000 жылдық мерейтойына бағышталады.