Халықаралық Эдинбург кинофестивалі алғаш рет 1947-жылы өткізілген. Фестиваль өз тарихында талай әлемге танымал кинопродюсерлер мен әртістерді қабылдап, қазіргі заманғы кинематографияның ең біртуар туындыларын ортаға салды. Фестиваль Фахертидің «Луизиана тарихы», Росселинидің «Германияның нөлдік жылы», Мизогучидің «Угетсу Моногатари» сынды біртума кино туындыларын халықаралық қауымдастыққа алғаш рет таныстырды. Эдинбург кинофестивалін әлемдік кино жұлдызы Шон Коннери басқарады.
Н. Төребаевтың «Кішкентай адамдар» фильмі фестивальді ұйымдастырушылардың зор ықыласына ие болып, фестиваль көрсетіліміне іріктеп алынды. Қазақстандық кинорежиссер Эдинбургке шақырылды.
Фестиваль аясында батыс киносыншыларының, журналистер мен кино жанкүйерлерінің қатысуымен өткізілетін баспасөз мәслихатында Н.Төребаев өз фильмі туралы, киноөнері мен кинематографияның Қазақстандағы даму барысы мен тарихы туралы, отандық киноиндустрия саласының шығармашылық перспективалары туралы әңгімелеп береді. Қазақстан киносы 22 және 25-тамызда көрсетіледі.
Н.Төребаевтың бұл фестивальге қатысуын фестивальді ұйымдастырушылар мен Ұлыбританиядағы Қазақстан елшілігі бірлесе жүзеге асырды. Ол Қазақстан мәдениетін шетелдерге таныстыруға өзіндік септігін тигізбек.