Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 9-шілдеде Ресейдің Омбы облысындағы Черлак-Омбы тас жолының 87-ші шақырымында Екібастұздан Омбыға бет алған «Volvo» жолаушылар автобусы мен сүт тасушы «КамАЗ» соғысқан болатын. Апат салдарынан 9 адам оқиға орнында мерт болып, 16 адам түрлі жарақаттармен Чарлак аудандық ауруханасына жатқызылды. Қаза тапқандар арасында Ресей азаматтары да, қазақстандықтар да бар. Қаза тапқандардың аты-жөнін анықтау процессі одан әрі жалғасуда. Сондықтан олардың арасынан да қазақстандықтардың табылу мүмкіндігін жоққа шығаруға болмайды. Бейресми мәліметке сәйкес, Омбыда көп адамның өліміне апарып соққан жол апаты дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Алдын-ала мәлімет бойынша, Черлак ауданындағы бір шаруашылықтың сүт таситын көлігінің жүргізушісі көлік тізгінінде қалғып кету салдарынан жолдың қарсы бетіне шығып кетіп автобуспен соғысқан.
Нақтыланған мәліметке сәйкес, зардап шеккендердің арасында еліміздің 7 азаматы бар, олардың бәрі де Екібастұз тұрғындары. Олардың бесеуі Черлак аудандық ауруханасында жатыр, ал 13 және 22 жастағы екі қызға жәрдем көрсетіліп, туыстарымен бірге үйіне жіберілген. Автобус жүргізушісі ертең ауруханадан шығады деп күтілуде. Облыстық денсаулық сақтау департаментінен хабарлағанындай, ауыр жарақат алғандар жуық арада ауруханадан шыға қояды деу қиын. Мәселен, апат орнынан «самай сүйегі сынып, жұлынды басып қалған» деген диагнозбен ауруханаға түскен 45 жастағы Екібастұз тұрғынына Омбылық көшпелі дәрігерлер тобы операция жасады. 70 жастағы тағы бір тұрғынның мойын омыртқасы сынған. Зардап шеккендердің барлығының да миы шайқалған. Кейбіреулері жарақат салдарынан психоз дертіне шалдыққан.
Зардап шеккендерге Ресей жағы тегін дәрігерлік көмек көрсетуде. Павлодар облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі қызметі мен денсаулық сақтау мекемелері Омбы облысындағы әріптестерімен тұрақты байланысқа шығып отыр.