«Импорттық сыйымдылығы жылына 560 млрд. долларды құрайтын Қытай шетелдік инвесторлар үшін айрықша тартымды рынок болып табылады»,- деді А.Есімов. Вице-премьер осы орайда қазақстан-қытай тауар айналымының көлемі соңғы үш жылда 3,5 есе өсіп, 4,5 млрд. долларға жеткенін атап өтті. «Биыл бұл сан президент белгілеген меже — 5 млрд. доллардан асуы мүмкін»,- деді ол.
«Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың келешегі зор әрі олар бір-бірін толықтыра түседі»,- деп атап өткен вице-премьер ҚХР төрағасы Ху Цзиньтаоның жуырдағы сапары барысында маңызды шешімдер қабылданып, «екі жақты қарым-қатынасқа берік негіз қалайтын маңызды құжаттарға қол қойылғанын» айтты.