Сот төрешісі Шара Бейсенбаеваның басқаруымен өткен сот мәжілісі А.Жұмагелдиевті ҚР Қылмыстық кодексінің бірнеше бабы бойынша айыпты деп тапты. Оған суық қару алып жүргені, бұзақылығы және адамдардың денсаулығына қасақана нұқсан келтіргені үшін айып тағылған. Осыған байланысты А.Жұмагелдиевке үш жылға бас бостандығынан айыру жазасы жүктелгенімен, оның алғаш рет істі болып отыруына байланысты сот ҚР Қылмыстық кодексінің 63-бабы бойынша «Шартты соттау» жазасын қолдану дұрыс деп тауып, А.Жұмагелдиев нәтижесінде 1 жылға шартты түрде бас бостандығынан айрылды.
«Саяхат» қонақүйінің басшылығы талап еткен 780 мың теңгенің материалдық шағымын сот қараған жоқ. Бұл мәселе бойынша азаматтық сот мәжілісінде қарау үшін жаңа шағым түсіруге нұсқау берілді.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Арман Жұмагелдиев есімді Шымкент тұрғыны «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының облыстық құрылтай жиналысы кезінде «Саяхат» қонақ үй аумағында бұзақылық әрекеттерге барды деген күдікпен 2-мамырда қамауға алынған болатын.