Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 6-тамыз, жексенбі күні Шығыс Қазақстан облысының Аягөз ауданы Ақтоғай станциясынан 1,5 шақырым жерде ауыл арасындағы сүрлеу жолдың бойынан «Toyota-Carina» автокөлігі табылды. Көліктің ішінен атылып өлген екі адамның, ал көліктің жанынан тағы да оқ тиген үш адамның мәйіттері табылды.
Адамдардың өліміне қатысты ақпарат келіп түсе сала Үржар аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлер құрамы жаппай және облыстық полицияның бірқатар шекаралық бөлімдері дабыл бойынша іске кірісті. Осынау аса ауыр қылмысқа қатысы бар адамдардың із жасыруы мүмкін жолдар шұғыл түрде жабылды. Оқиға орнына облыстық ішкі істер департаменті төрағасының орынбасары жетекшілік еткен шұғыл тергеушілер тобы жіберілді. Оған қылмыстық полиция, тергеу басқармасы, шұғыл криминалистік бөлімнің ең тәжірибелі қызметкерлері қамтылды. Қылмыстың бетін ашу қимылдарына ұйымдасқан қылмыспен күрес жөніндегі шығыс аймақтық басқармасының , аса ауыр қылмыс түрлерімен күресті ұйымдастыру орталығының қызметкерлері жұмылдырылды.
Қылмыс құрбандарының аты-жөні шұғыл анықталды. Олардың бәрі де 30-40 жас аралығындағы Мақаншы ауылының тұрғындары брлып шықты. Олардың екеуі бұзақылығы мен қару сақтағаны үшін бұған дейін сотталған адамдар.
Қылмысқа қатысы бар күдікті бір тәулікте анықталып ұсталды. Ақтоғай станциясының 36 жастағы, жұмыссыз, бұрындары сотталмаған тұрғыны қылмысқа қатысы бар күдікті деп танылды. Күдікті қылмыс кезінде қолданылған қару — 7,62 мм-лік автоматты оқтарымен қоса тыққан жерінен тауып беріп, істеген қылмысын мойындады. Алдын-ала тергеу материалдарына сүйенсек, қылмыс қара және түсті металл сынықтарын жинап сатуға қатысты жасалған екен. Қазір күдікті қамауға алынып, тергеу жүргізілуде.