2005 жылғы 8 шілдеде «Қазақатомөнеркәсібі» ҰАК» Қазақстан Республикасының энергетика және минералды ресурстар министрлігі Қызылорда облысындағы Солтүстік Қорасан кен орнының Қорасан-1 учаскесінде барлау және уран өндіру жөніндегі келісім-шартқа қол жеткізді. Өнеркәсіптік өнім алуды бастау 2009 жылға белгіленген. Ал 2011 жылы өнім өндірудің жылдық жоспары 750 тоннаға жеткізілмек.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, бастапқыда барлау жұмыстарымен қатар өнеркәсіптік алаң мен вахталық кент құрылысы да жүргізіледі. Сондай-ақ, электр желілері тартылып, автомобиль жолдары және Сырдария үстінен көпір салынады.
Келісім-шартта жер қойнауы мен қоршаған ортаны қорғауға қатаң талаптар қойылған. Кенн орнын игеру барысында алдын алу, адамдар мен қоршаған ортаға болатын зиянды ықпалды мейлінше азайтудың кешенді шаралары қарастырылған.
Кеніштегі уран жер астында ұңғылық шаймалау әдісімен өндіріледі. Қазіргі жағдайда бұл экологиялық тұрғыда ең таза әрі тиімді әдіс болып табылады.
Қорасан кен орнындағы уранды барлау және өндіру жұмыстары компанияның 2010 жылы өнім өндіру көлемін 15 мың тоннаға жеткізіп, сол арқылы бұл салада әлемдегі көшбасшы ел болуды көздеген стратегиялық бағдарламасы аясында жүзеге асырылмақ.
«Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясы — уран және сол тектес материалдарды экспортқа шығарушы ұлттық оператор саналады. Компанияның 100 пайыздық акциясы түгелдей мемлекет меншігінде, дәлірек айтсақ, Қазақстан Республикасының энергетика және минералды ресурстар министрлігінің еншісінде. «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК геологиялық барлау, уран өндіру, металлургия, энергетика, өндірісті ғылыми негізде жарақтау және мамандар даярлау, сондай-ақ әлеуметтік тұрғыдан қамтамасыз ету сияқты алты бірдей негізгі бағыттағы жұмысқа басшылық жасайтын холдинг түрінде құрылған. Қазір компания құрамында 20 000-нан астам адам еңбек етеді.