Н.Абдулланың түсініктемесіне жүгінсек, Атырау облыстық қоршаған ортаны қорғау жөніндегі аумақтық басқармасының мамандары Атырау облыстық прокуратурасы және Жылыой аудандық прокурорларымен бірлесе жүргізген тексеру нәтижесінде ауаға тасталған қышқыл әрі шикі газдың жалпы көлемі 49 910 тоннаны құрайтынын анықтады.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 2-шілде күні 12 сағат 55 минутта Газқұбырлы энергетикалық станцияның жұмысы тоқтап, желідегі қысымның төмендеуі салдарынан Теңіз кенішінде газ өндіру және өңдеуге бағытталған технологиялық процесс доғарылған болатын.
Атырау облыстық табиғат қорғау прокуратурасы облыстық қоршаған ортаны қорғау жөніндегі аумақтық басқармасына апат салдарынан келген шығын көлемін есептеу және мұнай компаниясын жауапқа тарту мәселерін шешу туралы нұсқау берілді. Табиғат қорғау прокуратурасы ҚР Қылмыстық кодексінің «Шаруашылық және басқа да іс-қызметке қойылатын экологиялық талаптарты бұзу» жөніндегі 277-ші және «Адам денсаулығына зиян келтіріп, ауаны ластау» жөніндегі 282-ші баптары бойынша қылмыстық іс қозғады.
Қазір бұл деректерге қатысты іс материалдары қылмыстық іс қозғау туралы шешімнің негізділігін тексеру үшін Атырау облыстық прокуратурасына жолданды.