Компания өкілдерінің талай мәрте мәлімдегеніндей, «ҚазМұнайГаз»Барлау Өндіру» АҚ акцияларын сатудағы стратегиялық мақсат — компанияны дамытуға және Каспий қайраңын игеруге қажетті қосымша қаржы табуға саятынын партияның саяси кеңесі өз хатында еске салған. «Алайда, алға тартылған мұндай экономикалық сылтау-себеп шын мәнінде күмән тудырады, өйткені, акциялар қоржынын сату — компанияның даму мақсатына қаржы таба алмауына байланысты болмаса керек. Мұндай уәж қисынға келмейді де. Сонымен бірге акциялар қоржынын кім бағалағаны да беймәлім. Ал акционерлік қоғам негізгі қызмет түрінен де, коммерциялық іс-шаралардан да тапқан пайдасының көлемін арттыра түсуде»,- делінген хатта.
«ҚазМұнайГаз»Барлау Өндіру» АҚ-ның құрамына Атырау мұнай өңдеу зауыты енетіні мәлім. Қазір зауытта несие есебінен жаңалау жұмыстары жүзеге асырылуда. «Асар» республикалық партиясының пікірінше, бас компанияның акцияларының қоржынын сату «иелігінде қалған жалғыз мұнай өңдеу зауытына мемлекеттің әсері аясын тарылтуға байланысты мемлекеттің ел ішіндегі жанар-жағармай рыногына тигізетін ықпалын әлсіретеді».
Сонымен бірге хатта атап көрсетілгеніндей, «»ҚазМұнайГаз»Барлау Өндіру» АҚ-ның ірі көлемдегі акцияларының қоржынын сату туралы шешім Қазақстан аумағында қолданыстағы заңдарға сәйкес жүзеге асырылып жатқан мұнай өндіру саласындағы жобаларға мемлекеттің атсалысу аясын кеңейту стратегиясына қаншалықты сәйкеседі деген сұрақ туады».
«Батыстың азулы акционерінің компанияға келуі құрал-жабдық сатып алудан бастап келешек даму стратегиясын жасауға дейінгі компанияның жалпы саясатына өз әсерін тигізбей қоймайды»,- деп санайды «Асар» республикалық партиясының саяси кеңесі. «Акциялардың 49 процентін иемденетін сатып алушы тиімді компаниядан қомақты үлес алып қана қоймай, сонымен бірге жалпы мұнай газ саласына, соның салдары іспетті еліміздің ішкі-сыртқы саясатына да белгілі дәрежеде қысым көрсету тетігіне ие болмақ. Су жаңа акционерлерлің пікір-көзқарасы мемлекетіміздің мүддесімен сайма-сай келеді деуге сенім жоқ»,- делінген хатта.
«ҚазМұнайГаз ҰК» АҚ-ның іс-қызметінен түскен пайда еліміздің мемлекеттік бюджетінің қомақты бөлігін құрайтыны мәлім. «Сол себепті оның тағдырына қатысты мәселе қоғам назарынан тысқары, тасада шешілуге тиіс емес. Сыбайлас жемқорлықтың сазына батқан жекелеген топтардың қылмысты мүддесіне сай келгенде ғана мұндай жағдай іске асуы мүмкін. Сол себепті аталмыш мәселені ел парламентінде және баспасөз беттерінде талқылау дұрыс деп санаймыз. Бұл мәселеге қатысты үкіметтің ұстанымы айнадағыдай айқын және қоғамға ұғынықты болуға тиіс»,- делінген хатта.
«Қазақстан экономикасының күретамырын құрушы фактор — мұнай болып тұрған қазіргі жағдайда оны өндіру және сатуға қатысы бар мемлекеттің иелігінде қалған жалғыз кәсіпорынды жеке меншікке сатуды ойламсыз әрі қате жасалған, саяси жауапкершіліктен жұрдай шешімге балаймыз»,- делінген хатта.
«Бұл қадам Қазақстан Республикасы президентінің әлемдік деңгейдегі шикізат өндіруші компаниясы бар, қуатты әрі экономикалық тәуелсіз мемлекет құруға бағытталған күш-жігер, талпыныстарын жоққа шығарады»,- делінген хатта.