«Біз күткен бұл сапар Қазақстан мен Франция арасындағы саяси және экономикалық ынтымақтастықты бекіте түсуге үлкен серпін береді деп сенеміз»,- деді ҚР парламенті сенатының жетекшісі Н.Әбіқаев. Ол Франция мемлекеті Орталық Азия аймағында, бірінші кезекте аймақтағы саяси және экономикалық реформалардың көшбасшысы болып табылатын Қазақстанда әріптес ретінде өзіне лайықты орынды иемденеді дегенге сенім білдірді.
Өз кезегінде Э. де Монтескью алдағы сапар екі ел арасындағы қарым-қатынасты дамытуға мүмкіндік беретініне сенім білдірді. Оның пікірінше, Қазақстан «экономикалық тұрғыда аймақтағы аса маңызды ел болып табылады». Сонымен бірге Франциялық сенатор «Қазақстанның айрықша маңызды әрі бірегей реформаларды жүзеге асырып жатқанын» ерекше атады.
Э. де Монтескьюдің пікірінше, «Франция Орталық Азия аймағының өміріне белсене араласып, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға тиіс». Оның пайымдауынша, Францияның «Еуропа мен Қытайды жалғастыратын» темір жол желісін тарту жобасына атсалысуға мүмкіндігі бар. Сонымен бірге Франция «мұнайды оңтүстікке қарай тасымалдау жобасына қолдау көрсете алады»,- деді парламент өкілі.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, ресми сапармен Қазастанға келіп қайту туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыруын Франция президенті Жак Ширак 2005-жылдың мамыр айында Мәскеуде Ұлы отан соғысының 60 жылдық мерейтойы кезінде қабылдаған. Қазақстан және Франция мемлекет басшыларының сол жолғы кездесуінде тараптар өзара мәдени-гуманитарлық , соның ішінде білім беру және мәдениет салаларындағы ынтымақтастықты тереңдетуге уағдаласқан.