Өкілдердің жетекшісі Алматы қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қайрат Бөкеновқа Варна мэрінің қала күні мерекесіне шақыру хатын табыс етті. «Екі қала арасындағы ынтымақтастық туралы келісімге осы мереке кезінде қол қоя алар едік»,- деді М.Куликов.
Сонымен бірге өкілдер Қазақстандық музыканттарды Варна қаласында биылғы қазан айында өтетін фольклорлық фестивальға қатысуға шақырды. «Экономика, мәдениет және спорт салаларында белсенді байланыс орнату қажет»,- деді М.Куликов.
Қ.Бөкенов Болгариялық өкілдерге шақырулары үшін ризашылық білдірді. «Сіздердің сапарларыңыз екі қала арасындағы ықпалдастықтың жаңаша кезеңдерін айқындап береді»,- деді Алматы қаласы әкімінің бірінші орынбасары. «Екі қала үшін бірдей ортақ көптеген факторлар мен басымдықтар айқындалды»,- деді ол.
Варна қаласының өкілдері Алматыда екі күн аялдайды. Болгариялық компаниялардың жетекшілері бизнес-форумға қатысады. Онда Варна мен Алматының экономика, туризм, көлік және сауда саласындағы ынтымақтастық мәселелері қаралады.