Прокурордың айтуынша, 2002-жылдың сәуір айында облыс әкімінің орынбасары болып тұрған кезде Б.Қуандықов облыстық әкімшіліктің қарамағындағы «Сырдария» мейманхана кешенін жекешелендіруге рұқсат берген. Тендерде бұған дейін қонақ үй бизнесімен мүлдем шұғылданбаған «МД-Сервис» ЖШС жеңіп шықты. Нақты құны 37 млн. 351 мың теңге тұратын мейманхана кешені 8 млн. теңгеге сатылып кеткен.
З.Лақбаевтың хабарлауынша, сонымен бірге Қызылорда облыстық коммуналдық меншік және жекешелендіру басқармасының бастығы Қалмырза Әбеновтың үстінен де қалмыстық іс қозғалған. Арнайы комиссияның шешімін қаперге алмаған ол Б.Қуандықовтан мейманхананы сатуға рұқсат алып алса керек.
Облыстық прокурордың айтуынша, Б.Қуандықовтың үстінен ҚР Қылмыстық Кодексінің «жауапты лауазым атқаратын тұлғаның қызмет бабын асыра пайдалануы және соның салдарынан ауыр зардапқа ұшырау» жөніндегі 307-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Іс материалдары «Қ.Әбеновқа қатысты қылмыстық іспен біріктіре тексеру үшін» экономикалық және жемқорлық қылмыстармен күрес департаментіне жолданды.