Президенттің айтуынша, толықтырылып дәйектелген тұжырымдама аймақтағы мемлекет басшыларының қарауына жолданады. «Аталмыш одақтың басты идеясы қолдау тауып, қабылданған жағдайда бұл жалпы аймақтың тұрақты дамуы мен осында тұратын халықтардың әл-ауқатын жақсартуға септігін тигізетін маңызды факторға айналады»,- деді мемлекет басшысы.
Орта Азиялық мемлекеттер одағын құру туралы бастама президенттің ақпан айындағы жолдауында жария етілгені мәлім. «Мұндай бастаманың пайда болуына жалпы Орталық Азия аймағында тұрақтылық пен дамуды сақтап қалуға бағытталған еліміз бен халықаралық қауымдастықтың мүдде сәйкестігі түрткі болды»,- деді Н.Назарбаев. «Қазақстан сол арқылы өзгелерден бөліне -жарыла жетекші болуды мүлдем көксеп отырған жоқ»,- деді ол. Орта Азиялық мемлекеттер одағын құру туралы идея халықаралық сахнада қолдауға ие болғанын президент еске салды.