27-тамызда Южная әуе компаниясы чартерге тапсырыс берген «Цатур» туристік фирмасы ұшырылым ақысын төлемеуге байланысты Анталья-Алматы бағытындағы рейсті шығарудан бас тартқан. Соның салдарынан Қазақстанның 350 азаматы Антальяда кідіріп қалды. Бір тәуліктен соң 100 жолаушы өз беттерімен елге оралды.
«Аталмыш оқиғаға байланысты сауда және туристік қызметті реттеу комитеті әкімшіліктің тиісті бөлімдеріне тапсырма беріп, «Цатур» туристік фирмасы жол берген заң бұзушылықтарды мұқият зерттеп, лицензиясын тоқтатуға дейін әкімшілік шара қолдануды жүктеді»,- деді Е.Никитинский.
Осы орайда ол :»туристерге қызмет көрсетуге қатысты осындай келеңсіз деректерге бұдан былай тосқауыл қою үшін біз туристік іс-қызмет саласына бақылау қоюға міндетті мекемелермен бірге осындай деректердің шығуына себепкер фирмаларға да қатаң талап қоятын боламыз»,- деп атап көрсетті.
Е.Никитинскийдің айтуынша, қазір ҚР индустрия және сауда министрлігінің азаматтық авиация комитетінің төрағасының чартерлік рейстерді ұйымдастыру жөніндегі бұйрығына өзгерістер енгізілді. «Осындай жағдайларға жол бермеу үшін уәкілетті мекеме бұдан былай чартерге тапсырыс берген туристік ұйымның кәсіби іс-қызметіне қарайтын болады»,- деді ол. Атап айтсақ, оның қаржылық тұрақтылығы, бұған дейін заң бұзбау жағдайы, чартерлік рейс үшін жасаған төлемі, туристік оператордың азаматтық-құқықтық жауапкершілігі туралы келісім-шарты мен әуе тасымалы компаниясымен келісім-шарты қаралады. Е.Никитинскийдің айтуынша, бұл өзгерістерге қол қойылып, әділет министрлігіне тіркеуге жіберілді.
ҚР индустрия және сауда министрлігінің сауда және туристік қызметті реттеу комитетінің ақпаратына сәйкес, 2004-жылы 5 туристік фирманың лицензиясы тоқтатылды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті