«Еліміздегі мұнайгаз қорының басым бөлігін шетелдік компаниялар игеретінін ескеру негізінде аталмыш активтерді мемлекетіміздің сатып алғаны орынды секілді»,- деді депутат.
«Қазақстандағы мұнайгаз өнімдері нарығындағы ахуалды айқындайтын Шымкент мұнай өңдеу зауыты PetroKazakhstan компаниясының құрамына енетіні мәлім. Мұнайгаз өнімдері рыногындағы жағдай осы кәсіпорынның жұмысына тікелей байланысты»,- деді ол.
Осыған байланысты мәжіліс депутаты үкімет басшысына PetroKazakhstan компаниясының активтерін республика үкіметі сатып алуға құлық танытып отыр ма деген сауал тастады. «Қазір мемлекетіміздің бұған қаржысы жететіні белгілі»,- деді К.Сағадиев.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 22-тамызда PetroKazakhstan акционерлері компанияны Қытайдың CNPC компаниясының еншілес кәсіпорны — CNPC International Ltd. компаниясына 4,18 млрд. долларға (бір акцияны 55 долларға) сату туралы келісімге келгенін мәлімдеді.
Сатып алу бағасы PetroKazakhstan компаниясы акцияларының Нью Йорк қор биржасында тамыздың 7 мен 19 аралығында сатылған орташа құнына 24,4 проценттік сыйақымен қоса және 19-тамызда биржа жабылған сәттегі бағаға 21,1 проценттік сыйақымен қоса есептелген.
Бұл сауда-саттықты PetroKazakhstan және CNPC International Ltd. компанияларының директорлары кеңесі мақұлдады. PetroKazakhstan компаниясы директорларының кеңесі акционерлерге CNPC International Ltd. компаниясының ұсынысын қабылдауға нұсқау берді.
PetroKazakhstan компаниясына Goldman Sachs International инвестициялық банкі кеңесшілік жасады.
Компанияны Қытайдың CNPC компаниясына сату мәселесін қарауға арналған PetroKazakhstan акционерлерінің жиналысы қазан айында өтеді. Сауда-саттықты мақұлдау үшін акционерлердің 66 проценті дауыс беруі қажет.
Сауда-саттық 2005-жылдың қазан айында аяқталады деп күтілуде.
6-қыркүйекте Астанада өткен баспасөз мәслихатында ҚР энергетика және минералды ресурстар министрінің бірінші орынбасары Бақытқожа Ізмұхамбетов үкіметтің PetroKazakhstan компаниясының активтерін CNPC International Ltd. компаниясына сату туралы шешімді мақұлдағаны туралы кейбір БАҚтарда жарық көрген хабарламаларды жоққа шығарды. «Қазір бұл мәселе қаралып жатыр, шамамен 10 күн ішінде біз оған жауап бере аламыз»,- деді Б. Ізмұхамбетов.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті