«Алматы қаласы әкімінің шешімімен «Шәкен жұлдыздары» кинофестивалі алыс және жақын шетелдердің кинематография мектептерінің халықаралық форумы деген тың мәртебеге ие болды»,- деді А.Әшімов.
Биыл «Шәкен жұлдыздары-2005» кинофестиваліне ТМД киногерлерімен қатар Ұлыбритания, АҚШ, Израиль, Қытай, Түркия, Латвия, Дания және Египеттік кинотүсірушілер келді.
Шараны ұйымдастырушылардың айтуынша, іріктеу комиссиясына 2004-2005-жылдары түсірілген 262 кинотуынды ұсынылған. Соның нәтижесінде байқау комиссиясына «Толық метражды көркем фильм» номинациясы бойынша 9 фильм, «Қысқа метражды көркем фильм» номинациясы бойынша 24 фильм, «Деректі фильм» номинациясы бойынша 12, «Анимациялық кино» номинациясы бойынша 11, «Бейнеарт» номинациясы бойынша 4, «Қонақтарға арналған ақпараттық бағдарлама» номинациясы бойынша 26 фильм ұсынылды.
Форумның бас директоры Венера Нығматуллинаның айтуынша, «Шәкен жұлдыздары-2005» кинофестивалі жас кинорежиссерлер, студенттер мен тырнақалды туындысын түсірген өскін киношыларға арналған. «Жас кино түсірушілеріміз елге қажет екенін сезінуі үшін біз қолдан келгеннің бәрін істеуіміз керек»,- деді ол.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті