«Қоғамды топтастыру саясатын одан әрі жалғастырғым келгендіктен және енді ғана қолға алған күрделі реформаларды жол ортада қалдырмай аяқтағым келгендіктен мен президенттікке ат ұсынуға келісімімді бердім»,- деп мәлімдеді Н.Назарбаев бүгін, 14-қыркүйекте «Асар» республикалық партиясының кезентен тыс сьезінде.
«Бұл шешім Қазақстанның гүлдене түсуіне бағытталған реформаларды аяқтауға деген талпыныстан туындады»,- деді Н.Назарбаев. «Біз жолдың алғашқы жартысын ғана жүріп өттік. Бұрынғы альпинист ретінде шыңға бет түзеген жолдың екінші жартысы тіптен қиынға соғады дей аламын»,- деді президент.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Н.Назарбаев 9-қыркүйекте өткен «Отан» партиясының кезектен тыс сьезінде еліміздің 2012-жылға дейінгі стратегиялық бағыттарын айқындады. «Мұнайгаз саласы Қазақстан экономикасын диверсификациялаушы негізгі донор болмақ»,- деді президент. «Біз Қазақстанды 2012-жылға дейін мұнай және газ экспорттаушы әлемдік ондыққа енгізуді мұрат тұтамыз»,- деді Н.Назарбаев.
Сонымен бірге мемлекет басшысының пікірінше, «елімізді дүниежүзінің жоғары деңгейде дамыған индустриялық елдерінің санатына енгізу үшін барлық жағдайды жасау керек». Тағы бір басымдық берілетін бағыт ретінде Елбасы ғылыми сыйымдылығы жоғары, жоғары технологиялық өндірістерді дамытуды атады. Елбасының айтуынша, сондай-ақ, банк саласы, агроөнеркәсіптік кешен, бірінші кезекте астық және мал шаруашылығы мен халықаралық туризм салаларына басымдық берілуге тиіс.
«Басты мақсат — ауылшаруашылығы саласын Бүкіләлемдік сауда ұйымына мүшелікке өтуге жоғары деңгейде дайындауға саяды»,- деді ол. Сонымен бірге Н.Назарбаевтың пікірінше, Қазақстанда электр қуатын өндіру саласын жаңалап, өндірістердің энергетикалық сыйымдылығын төмендеткен жөн.
Елімізді аумақтық дамыту стратегиясының жобасын жасап жүзеге асыру қажет. Ол аумақтарды экономикалық тұрғыда бір бағытты мамандандырып, бәсекелестік қабілетке ие болдыруға негізделеді»,- деді Н.Назарбаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан дүниежүзілік көлік және коммуникациялық жүйенің бір құрамды бөлігіне айналуға тиіс. Сонымен қатар мемлекет басшысыынң пікірінше, «мемлекетіміз шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту жағдайларын жақсарту саясатын одан әрі жалғастыруы қажет».
Н.Назарбаевтың пікірінше, аталмыш бағыт-бағдарларды жүзеге асыру ілгерілеушілікке жағдай жасап, екінші онжылдықтың басында Қазақстанның ғаламдық экономикада өзіне лайықты орын иемденуіне мүмкіндік береді.
i>Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті