Алматы қаласы прокуратура басқармасының бастығы Бауыржан Мақұлбаев «Хабар» телеарнасында сөйлеген сөзінде «Алматы тұрғындары Оңтүстік Қазақстан облысында болған жағдайдың қайталануы мүмкіндігінен қорғалмаған», деді.
Оның айтуынша, тексерілген 57 стационар, амбулатория және арнаулы медициналық мекемелерден 17-сінен 300-ге тарта заң бұзушылық анықталған. Атап айтқанда, қалалық қан орталығында донор ретінде көп уақытқа дейін үш адам қан тапсырған. Олар қалалық наркологиялық орталықта есепке алынғандар. «Маскүнемдер санатындағылардан да қан алынған. Осы қан ауруларға құйылған. Бұл тікелей заң бұзушылық»,-деді ол.
Оған қоса, педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында донор қандарымен жұмыс істеу лицензиясыз жүргізілген, әзірленген қан препараттарын еркін пайдалануға мүмкіндік болған. Егер микроб немесе вирус жұқтырған болса, орны толмас оқиға орын алар еді. Кез келген адам бұл қанды зарарлауы мүмкін еді»,-деді Алматы прокуроры.
Тексеру барысында белгілі болғандай, педиатрия институтының медициналық құжаттарында қандай балаға қанша қан құйылғаны туралы ешқандай мәлімет көрсетілмеген, науқасқа қандай препарат қанша көлемде құйылғаны да белгісіз. Сонымен қатар, заңда көрсетілгендей, алты айдан кейін, қан құйылған науқас ВИЧ-ке тексерілмеген. Донор қандарымен жұмыс істеген дәрігерлер де тексерілмеген.
Прокуратураның тексерулерінің қорытындысы бойынша, 50 шақты ескерту жасалды, оның ішінде денсаулық сақтау министрлігіне де ескерту берілді. 30 лауазым иесі тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті