Қазақстан мен Египет Араб Республикасының арасындағы сауда-саттық келісіміне қол қойылды (толықтырылған нұсқа) - kaz.caravan.kz
  • $ 463.41
  • 546.27
+17 °C
Алматы
2026 Жыл
6 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қазақстан мен Египет Араб Республикасының арасындағы сауда-саттық келісіміне қол қойылды (толықтырылған нұсқа)

Қазақстан мен Египет Араб Республикасының арасындағы сауда-саттық келісіміне қол қойылды (толықтырылған нұсқа)

АСТАНА. 13-наурыз. Kazakhstan Today. Каирде мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен Қазақстан-Египет іскерлік кеңесінің бірінші мәжілісінің ашылуында Қазақстан мен Египет Араб Республикасының арасындағы сауда-саттық келісіміне қол қойылды, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігі президенттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

  • 13 Наурыз 2007
  • 866
Фото - Caravan.kz

Құжатқа Қазақстан жағынан индустрия және сауда министрі Ғалым Оразбақов, Египет жағынан елдің сауда және индустрия министрі Рашид Мұхаммед Рашид қол қойды.

Каирде сондай-ақ іскерлік кеңестің алдында Египет президенті Хосни Мүбарактың резиденциясында Қазақстан Президентін қарсы алудың салтанатты рәсімі өтті.

Екі ел президенттері шағын құрамда, одан кейін кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізді. Келіссөздер барысында халықаралық саясат мәселелері, Қазақстан мен Египет арасындағы екіжақты қарым-қатынастар талқыланды.

Нұрсұлтан Назарбаев Мысыр басшысына және ел халқына деген ыстық бауырластық сезімін білдіріп өтті. Мемлекет басшысы соңғы өткен кездесулердің жақсы жетістіктерге жеткізіп отырғанын қуаттады.

— Мысырға Қазақстаннан астықтың алғашқы партиясы жеткізілді, астық импорты келешекте жылына 1 миллион тоннаға дейін жететін болады. Осы игі істің арқасында, екі елдің арасындағы тауар айналымы биылдың өзінде 90 миллион доллардан 150 миллионға дейін өседі. Алдағы уақытта да астық экспортын белсенді дамытатын боламыз. Сондай-ақ Бакуде астық терминалы салынып бітті, осындай терминал Грузияда салынады, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан басшысы дәл осындай терминалды және ұн диірменін Египеттің Жерорта теңізіндегі айлақтардың біріне салуды ұсынды.

— Біздің инвесторлар Мысыр экономикасын дамытуға қаражат салуға ынталы. Атап айтқанда, Шарм-әл Шейхтегі туристік нысандардың құрылысына қаржы салуға әзірміз. Екі ел ынтымақтастығы үшін кемел келешек бар. Қазақстанның оңтүстігінде мақта кластерін құру және дамыту қолға алынуда. Біз Қазақстанның мақта өнеркәсібін дамытуға мысыр бизнесінің келуін қуана қолдаймыз. Сондай-ақ Қазақстанда фармацевтикалық өнеркәсіпті дамытудағы өзара ынтымақтастыққа жақсы перспективалар бар, — деп атап көрсетті Қазақстан президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде барлық салалар бойынша екі елдің ынтымақтастығын дамыту жөнінде өзіндік картаны, егжей-тегжей нақты бағдарламаны әзірлеуді ұсынды.

— Жоғары технологиялар саласы да ынтымақтастықтың маңызды саласы болуы мүмкін. Мысырдың «Smart Village» жобасын құрудағы тәжірибесі біз үшін өте қызықты, — деді мемлекет басшысы.

Келіссөздер барысында сондай-ақ, Каир мен Алматының немесе Астананың арасында ашық әуе қатынасын ашу мәселесі де сөз болды. Қазақстан президенті 2008 жылы Қазақстанда Египет күндерін атап өткізуді, атап айтқанда Астанада Египет Ұлттық мұражайының көрмесін ашуды ұсынды. Екі елорданың арасындағы ынтымақтастықты дамытуды да ұсынған Нұрсұлтан Назарбаев, Хосни Мүбарактың белсенді бітімгершілік қызметіне қолдау білдірді және Мысырға Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі үдерісіне қосылуды ұсынды.

Каирде өткен келіссөздер барысында Мысыр президенті Хосни Мүбарак Астана мен Шарм-әл-Шейхтегі бұған дейінгі келіссөздердің қазақстан-мысыр ынтымақтастығын дамытуға жаңа серпін бергенін баса атап көрсетті.

— Біз екіжақты байланыстардың даму үдерісін бақылап отырмыз, — деді Хосни Мүбарак.

Египет президенті үкіметаралық комиссия жұмысының жанданғанын атап өтті. «Бұл сапар екіжақты қарым-қатынастарды дамытуға ықпал ететін болады» деген Хосни Мүбарак, Қазақстан басшысына деген өзінің бауырластық сезімін жеткізді.

Хосни Мүбарак бүгін Қазақстан тарапы білдірген барлық ұсыныстарды жүзеге асыру мақсатында Египет министрлеріне келісімдерді жетілдіру жөнінде нақты тапсырмалар берілетінін атап көрсетті.

Сапардың бірінші күні Қазақстан мен Египет арасында дипломатиялық қатынастардың орнағанына 15 жыл толуына орай ресми қабылдаумен аяқталды.

Бұл күні сондай-ақ Қазақстан президентінің Ливан кәсіпкерлерінің тобымен кездесуі болып өтті. Кездесуде екі елдің іскер топ өкілдері арасындағы ынтымақтастығын жандандыру мүмкіндіктері талқыланды.

Мемлекет басшысы сондай-ақ, Египет Араб Республикасының Әбу-Симбел қаласында болды.

Қазақстан президенті елдің тарихи көрнекті орындарымен және перғауындар дәуірінің ескерткіштерімен танысты.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті