Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, министрлік өкілдері, ҰҚК, Бас прокуратура өкілдері қамтылған арнаулы комиссия 14 критерий бойынша 143 жоғары оқу орны мен 66 филиалдың іс-қызметіне жоспардан тыс тексеру жүргізді.
«Тексеру нәтижесінде жоғары оқу орындары мен филиалдарда квалификациялық талаптар, заңнама нормалары мен мемлекеттік жалпы білім беру стандарттарын сақтау тұрғысынан күрделі заң бұзушылықтарға жол беріліп келгені анықталды»,- деп хабарлайды баспасөз қызметі.
Министрліктің түсініктемесіне сәйкес, ғылыми атақтары мен дәрежелері бар оқытушылардың үлесі 78 жоғары оқу орнында талапқа сай болмаған. 58 жоғары оқу орнында ғылыми және оқыту әдебиетінің қоры белгіленген талаптарға сай болмаған. Сонымен бірге, «юриспруденция» мамандығы бойынша 60, экономикалық мамандықтар бойынша 100 жоғары оқу орнында маман дайындалған.
Тексеру нәтижелерін жан-жақты талдау арқылы Білім және ғылым министрлігі 11 жоғары оқу орнының іс-қызметін тоқтатты: Қарағанды қаржылық институты, Қазақстан құқықтану және халықаралық қатынастар институты (Алматы), Халықаралық еңбек академиясы (Ақтау), халықаралық мамандықтар институты (Алматы), Гуманитарлық-техникалық институт (Қаратау), Қазақстан экономика және консалтинг университеті (Алматы), Қаржылық-экономикалық академия (Алматы), Қазақ коммерциялық-қаржылық академиясы (Алматы), «Ұнат» жоғары оқу орны, Солтүстік Қазақстан заңгерлік академиясы (Петропавловск), Гуманитарлық -педагогикалық институт (Түркістан).
Сонымен бірге жоғары оқу орнын құрушылардың шешімімен басқа жоғары оқу орындарына бірігуге байланысты 14 жоғары білім ошағы жұмысын тоқтатты. Олардың арасында Қызылорда академиялық экономика университеті, «Дарын» әлеуметтік — гуманитарлық институты, «Әділет» жоғары құқық мектебі, Шығыс гуманитарлық институты, Алматы технологиялар мен бизнес университеті, Оңтүстік Қазақстан ашық университеті, Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті, «Отырар» университеті, «Дәнекер» халықаралық құқық және халықаралық бизнес институты, тілдер академиясы (Шымкент), Алматы экономикалық университеті, Қарағанды фармацевтикалық институты, «Ұлағат» академиясы (Шымкент) және Орталық Азия гуманитарлық -экономикалық институты.
Сонымен қатар құрылтайшылардың шешімімен бірқатар жоғары оқу орындары біріктіріліп, олардың негізінде «Евразия академиясы» оқыту-өндірістік кешені, Қостанай инженерлік-педагогикалық университеті, Жамбыл гуманитарлық-техникалық университеті, «Халықаралық білім беру корпорациясы» АҚ, Орталық -Қазақстан университеті мен Батыс Қазақстан инженерлік-гуманитарлық университеті құрылды.
Бұған қоса Білім және ғылым министрлігі бірқатар жоғары оқу орындарының білім беру лицензиясының күшін 4 ай мерзімге тоқтатты. «Лицензияның күші уақытша тоқтатлыған жағдайда заңнамамен қайталап тексеру жүргізу қарастырылған. Бұл жоғары оқу орындарына қатысты ақырғы шешім осы тексеруден кейін анықталады»,- деп түсіндірді баспасөз қызметіндегілер.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті