«КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті мен арнаулы қызметтер біршама ұзақ уақыт бойы мемлекеттің мүддесін қорғауға жұмыс істеп келді. Қоғам мен азамат мүддесі осыдан кейінгі орындарда тұрды»,- деді В.Божко. «Ал қазір біз ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты көзқарасты түбегейлі өзгертіп, бірінші кезекте жеке тұлғаның, қоғамның, содан кейін ғана мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көштік»,- деді ол.
Оның бағалауынша, «мәселені осы қырынан қою комитет алдында тұрған міндеттерді шешудің ретін ғана өзгертіп қоймай, еліміздің арнаулы қызметінің іс-қызметінің мазмұнына да анағұрлым ықпалын тигізеді».
Сонымен бірге, В.Божконың пікірінше, Қазақстан егемендігін алғаннан кейін ҰҚК-нің іс-қызметі мен мақсаттарының қоғам үшін ашықтығы мен жариялылығы артты. «КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті КОКП ОК-нің айрықша құпия әрі аса маңызды деп сипаттайтын нұсқамаларына сай жұмыс істеп келді. Соның салдарынан азаматтар ол шешетін мақсаттар мен проблемалардан бейхабар болатын»,- деді төраға орынбасары. «Ал ҰҚК-нің 15 жылғы даму барысында мемлекеттілігіміздің жалпы дамуы аясында біз бірқатар заңдардың жобасын жасап, комитет іс-қызметінің ашықтығын қамтамасыз еттік. Нәтижесінде азаматтар біздің жүйенің іс-қызметін реттейтін заңдарға нақты сілтеме жасау мүмкіндігін алды»,- деді ол.
В.Божко осы орайда «ҰҚК туралы», «Шұғыл іздестіру іс-қызметі туралы», «Ұлттық қауіпсіздік туралы» заңдарды еске салды. «Осы заңдарға сәйкес азаматтарымыз көптеген мемлекеттік мекемелердің бірі ретінде біздің құрылымның атқаратын функциялары мен мақсат-міндеттерінен хабардар»,- деді ҰҚК өкілі.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті