«Біз әдістемені түбегейлі өзгертіп, қаттаң реттеудің орнына ынталандырушы тәсілдерге көшуді ұсынып отырмыз», — деді Б. Сағынтаев. «Табиғи монополия субьектілерінде күрделі қаржы жұмсауға қажетті қосымша көздер пайда болады, бұл өз кезегінде тозығы жеткен активтерді жаңғырту мен жаңалауға сөзсіз түрткі болатыны анық», — деді ол.
Агенттік басшысының айтуынша, осыған байланысты «Табиғи монополиялар туралы» заңға өзгерістер енгізілмек. «Осындай өзгерістердің арқасында табиғи монополия субьектілері инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға оңтайландыру нәтижесінде тарифке қамтылған, шығындардың пайдаланылмаған бөлігін жұмсауға мүмкіндік алады», -деп түсіндірді Б. Сағынтаев. «Мұндай жағдайда тарифтік сметаны пайдаланбау заңнаманы бұзуға жатқызылады да, субьектілерге уақытша өтемдік тариф енгізілмейді», — деді ол.
Сонымен бірге Б. Сағынтаевтың айтуынша, табиғи монополия субьектілерінің нормативтік-техникалық шығындарын азайтуға бағытталған жұмыстарды жүргізу межеленген. Оның пікірінше, » табиғи монополия субьектілерін өз шығындарын азайтуға ынталандыру тиімдірек болмақ». «Ынталандыру тетігі ретінде мынадай тәсіл қолданылады: нормативтік шығындар азайған жағдайда шығындарды өтеуге бағытталған қаржы тарифтің құрамында қалады, олар шығындарды біртіндеп азайтуға бағытталған ұйымдастырушылық-техникалық шараларды жүзеге асыру көзіне айналмақ», — деді Б. Сағынтаев.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті