Бас прокуратура сайлау заңнамасының бұзылуы бойынша кейбір деректерді анықтады - kaz.caravan.kz
  • $ 461.26
  • 542.58
+13 °C
Алматы
2026 Жыл
11 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Бас прокуратура сайлау заңнамасының бұзылуы бойынша кейбір деректерді  анықтады

Бас прокуратура сайлау заңнамасының бұзылуы бойынша кейбір деректерді анықтады

АСТАНА. 25-шілде. Kazakhstan Today. Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы сайлау процесінің заңдылығына мониторинг жүргізу барысында сайлау заңнамасының бұзылуы бойынша кейбір деректерді анықтады, деп хабарлайды Kazakhstan Today Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

  • 25 Шiлде 2007
  • 588
Фото - Caravan.kz

«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңының 28-бабының 9-тармағына сәйкес сайлаумен байланысты қоғамдық пікірге сұрау caлу нәтижелерін жариялаған кезде бұқаралық ақпарат құралдары сұрау салуды жүргiзген ұйымды, сұрау салуды жүргізуге тапсырыс берген және оның ақшасын төлеген адамдарды, сұрау салу жүргiзілген уақытты, ақпарат жинау әдiсiн, сұрау салудың нақты тұжырымын, сұралғандардың саны мен сұрау салу нәтижесінің қателiк коэффициентiн көрсетуге мiндеттi.

Сондай-ақ, саяси партиялардың тіркелген мерзімі аяқталғанға дейін мерзімінен бұрын үгіт жүргізу, осы кезең ішінде жеке саяси партиялардың жетекшілерінің бейнелері бар листовкаларды тарату, заңмен көзделген мәліметтерді көрсетпей, үгіттік материалдарды жариялау, жергілікті атқарушы органымен белгіленбеген орындарда және тиісті объект иесінің рұқсатынсыз үгіттік баспа материалдарын іліп қою фактілері де анықталған. Осындай әрекеттерге «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңымен тыйым салынған (28-б.).

Анықталған заң бұзушылықтарына байланысты көрсетілген бұқаралық ақпарат құралдарының редакцияларына және саяси партияларға қатысты прокуратура органдарымен прокурорлық ықпал ету шаралары қолданылған.

Анықталған заң бұзушылықтарды, сондай-ақ сайлау алдындағы үгіт процесінде бұқаралық ақпарат құралдарын белсенді пайдаланудың басталуын ескере отырып, Бас прокуратура Қазақстан Республикасының сайлау және өзге де заңнамаларын бұзу мүмкіндігін алдын алу мақсатында сайлауға қатысушылардың барлығына төмендегідей талаптарға назар аудартады.

«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының 27 — бабының 7- тармағына сәйкес бұқаралық ақпарат құралдары кандидаттың немесе саяси партияның ар-намысына, қадiр-қасиетiне және iскерлiк беделiне көрiнеу нұқсан келтiретiн үгiт материалдары мен өзге де ақпаратты жариялаудан аулақ болуға мiндеттi. Жоғарыда айтылған Ереженің 9 тармағына сәйкес бұқаралық ақпарат құралдары конституциялық құрылысты күштеп өзгертуге бағытталған іс-әрекет, оның ішінде Республиканың бірегей құрылысына, мемлекеттің қауіпсіздігін ойсырату, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық араздықты қоздыру пікірлерінен тұратын сайлау алдындағы бағдарламаларды жариялаудан (эфирге шығарудан) бас тартуға міндетті.

«Барлық мүдделі адамдарға Қазақстан Республикасының «Ұлттық қауіпсіздігі туралы» Заңына сәйкес әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық араздықты немесе алауыздықты қоздыру ұлттық қауіпсіздікке қауіп-қатер төндіру болып табылатынын және олар заңда көзделген зардаптар мен жауапкершілікке әкелетінін ескертеміз.

Сайлауға қатысатын саяси партиялардың, қоғамдық ұйымдардың басшылары мен мүшелері, саясаткерлер, бақылаушылар, Қазақстан Республикасының өзге де азаматтары, шетел азаматтары және Қазақстанда сайлауларды ұйымдастыру мен өткізуге қатыстырылған азаматтығы жоқ тұлғалар, сондай-ақ баспа жұмысын жүзеге асырушы ұйымдар қолданыстағы заңнаманы және қоғамдық тәртіп пен заңдылықты сақтауға байланысты барлық қажетті шараларды қолданады деген сенімділік білдіреміз»,- делінген мекеменің хабарламасында.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті