Қырғызстан ІІМ күшейтілген жұмыс тәртібіне көшті - kaz.caravan.kz
  • $ 461.26
  • 542.58
+16 °C
Алматы
2026 Жыл
11 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қырғызстан ІІМ күшейтілген жұмыс тәртібіне көшті

Қырғызстан ІІМ күшейтілген жұмыс тәртібіне көшті

БІШКЕК. 15-тамыз. Kazakhstan Today. Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше елдердің мемлекет басшыларының саммиті өткізілетіндігіне байланысты Қырғызстан ІІМ күшейтілген жұмыс тәртібіне көшті, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі Бішкектен.

  • 15 Тамыз 2007
  • 499
Фото - Caravan.kz

Министрліктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, саммит өтетін күндері республиканың ішкі істер органдарының жеке құрамы жаппай түнгі 23 сағатқа дейін жұмыс істейтін болады. Ал түнгі уақытта барлық қала және аудан орталықтарында құқық қорғау құрылымдарының қызметкерлерінен жасақталған мобильді топтар кезекшілікке шығатын болады.

Саммит қатысушыларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Чу облыстық ішкі істер басқармасы ел астанасына кіретін барлық жолдарды жапты. Бішкекке «белгілі бір себеппен бет алғандардан өзге» барлық азаматтар жіберілмейтін болады.

Саммит өткізілетін күндері құқық пен тәртіпті Қырғызстан ІІМ-нің 5 мыңдай қызметкері қамтамасыз ететін болады. Осы мерзімде Бішкек көшелеріндегі патруль-күзет қызметі қызметкерлерінің саны он есе арттырылды. Қырғызстан ІІМ-нің басшылығы республика азаматтарынан жеке басын куәландыратын құжатты ұдайы өздерімен бірге алып жүруді сұрады.

Қырғызстан ішкі істер министрі, Бішкек ішкі істер бас басқармасының бастығы мен республика облыстары мен Ош қаласының ІІБ-ның басшылығы казармалық тәртіпке көшті. Республиканың әрбір ІІБ мен АІІБ-да қаруланған шұғыл әрекет етуші отряд дайындық жағдайында отыр.

Еске сала кетейік, Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше елдердің мемлекет басшыларының саммиті 16-тамызда Бішкекте өтеді. Қонақтардың алғашқы легі республикаға бүгін кешке келеді. ҚХР басшысы Бішкекке 14 тамызда келген. Саммитке Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев, ҚХР төрағасы Ху Цзиньтао, РФ президенті Владимир Путин, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Өзбекстан президенті Ислам Кәрімов қатысады.

Ал Монголия президенті Намбарын Энхбаяр, Иран Иаслам Республикасының президенті Махмуд Ахмади-Нежад, Пәкістан Ислам Республикасының СІМ-нің орынбасары Хуршид Касури, Үндістан СІМ Пранаб Мукерджи саммитке бақылаушы ретінде қатысады.

Шанхай ынтымақтастығы ұйымының Бішкек саммитінің құрметті қонақтары арасында Ауғанстан Ислам Республикасының президенті Хамид Карзай, Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердымухамедов, БҰҰ бас хатшысының орынбасары Линн Паско секілді тұлғалар бар.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті