Баспасөз қызметінің ақпараттарына сүйенсек, Оңтүстік Қазақстан облысының Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің жедел-тергеу тобы Шымкенттің тұрғынынан 6 кг жуық героин заңсыз сату кезінде құрықтады. «Аталмыш дерек бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің тергеу басқармасы Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 259-бабының 4-тармағы бойныша (есірткі заттарын заңсыз сату, сатып алу, сақтау) қылмыстық іс қозғады. Ұсталған Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің тергеу изоляторына қамалды»,- деп атап өтті баспасөз қызметіндегілер.
Сонымен қатар, Павлодар облысының Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің қызметкерлері облыстық Ішкі істер департаментінің ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасымен бірігіп жүргізген жедел іс-шаралары барысында Шідерті аулының екі тұрғынынан 99 кг салмақта марихуана тәркіледі. «Облыстық ішкі істер департаментінің тергеу басқармасы ұсталғандардың үстінен Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 259-бабы бойынша қылмыстық іс қозғады», деп қосты баспасөз қызметіндегілер.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті