Ресейлік БАҚ-тардың хабарлауынша, Баландино әуежайына бірінші болып Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев мінген ұшақ келіп қонды. Бір сағаттан кейін Тәжікстан мемлекет басшысы Эмомали Рахмонның ұшағы, одан кейін ҚХР төрағасы Ху Цзиньтаоның ұшағы келіп қонды.
Қонақтарды Челябинск облысы губернаторының орынбасары Андрей Косилов күтіп алды.
Қырғызстан президенті Құрманбек Бакиев пен Өзбекстан президенті Ислам Кәрімов бүгін күндіз келеді. Ал Ресей президенті Владимир Путиннің ұшағы Челябинскіге түнде келіп табан тіреген.
«Бейбіт миссия-2007» оқу-жаттығуларына Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше барлық елдердің өкілдері қатысып отыр. Оқу-жаттығулардың дайындық кезеңі тамыздың 6 мен 11 аралығында Үрімжіде өткен. Екінші кезеңі Ресейдің Челябинкск облысындағы Чебаркуль полигонында өтіп жатыр. Бұл жерде Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше елдердің әскери топтарының өкілдері лаңкестерді залалсыздандыру және оларды жою шараларын пысықтайды.
Оқу-жаттығуларға Ресей, Қазақстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан мен Қытайдың 6 мыңдай әскерилері мен 1 мыңнан астам жауынгерлік техникасы жұмылдырылады.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті