Атап айтсақ, ҚР Әділет министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің іс-қызметінен заң бұзушылықтар анықталды. Баспасөз қызметінің түсініктемесіне сәйкес, республикамызда сотталғандар санының азаю ағымы байқалғанына қарамастан, оларды асырау шығындары арта түскен. Егер 2003 -жылы сотталғандар саны 54,7 мың адамды, ал 2006-жылы — 42,2 мың адамды құраса, шығындар тиісінше 7,6 млрд-тан 11,3 млрд теңгеге дейін өскен.
Бұған қоса Есеп комитеті қылмыстық-атқару жүйесі мекемелереідне жұмыс істейтін қызметкерлер санының негізсіз өскенін анықтады. «Мәселен, 2006-жылы Жамбыл облыстық түзету мекемесінде әрбір сотталғанның үлесіне 10 мекеме қызметкерінен келсе, осы тектес Қызылорда облысындағы мекемеде — 60 қызметкерден келген», — деп хабарлайды баспасөз қызметі.
Заң бұзушылықтар Астана қалалық бірқатар мемлекеттік мекемелердің іс-қызметінде де анықталған. Атап айтсақ, баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, Астана қалалық құрылыс департаменті мемлекеттік сатып алу жөніндегі байқаулардың басым бөлігін мемлекеттік сараптамадан өткен жобалық-сметалық құжаттамаларсыз өткізіп келген. «Бұл департамент әлеуметтік нысандардың құрылысын салу барысында 1,5 млрд теңге көлеміндегі атқарылмаған жұмысты атқарылған деп көрсетіп негізсіз акт қабылдаған. Соның ішінде «BI-Group» ЖШС-нің 399,1 млн теңге және «Мотив-Елим» ЖШС-нің 129,8 млн теңге көлеміндегі жұмыстары негізсіз қабылданған», — деп хабарлайды баспасөз қызметі.
Сонымен қатар, Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігі мен Астана қалалық жылжымайтын мүлік орталығы «баспана сатып алу жөніндегі қызметтердің сапасына тиісті деңгейде бақылау жасамаған». Соның салдарынан осы мақсатқа арналған 349,1 млн теңгенің 314,2 млн теңгесі келісім-шартта көрсетілген міндеттерін орындамаған «»Актив» компаниясында болса, 34,9 млн теңгені «Жылжымайтын мүлік орталығы «ЦентрКредит» банкіне депозиттік есепшотқа салып қойған. Хабарламада атап көрсетілгеніндей, бақылау нәтижесінде «Актив» компаниясына 15,7 млн теңге көлемінде тұрақсыздық төлемі өндіріп алынған, «ол республикалық бюджетке аударылуға тиіс».
Қаржылық заң бұзушылықтар парламенттің шаруашылық басқармасының іс-қызметінен де анықталды. Есеп комитетінің ақпаратына сәйкес, «депутаттар мен парламент аппаратының қызметкерлері 2005-жылы транспорттық шығындардың көлемін 61,4 млн теңгеге асырып жіберсе, 2006-жылы — 82,4 млн теңгеге асырып жіберген».
«Тексерулер қорытындысы бойынша бақылау нысандарына қаржылық тәртіпті күшейту, республикалық бюджет қаржысын тиімді пайдалану жөнінде нұсқаулар берілді», — делінген хабарламада.