Баспасөз қызметінің ақпараттарына сүйенсек, Астана Ішкі істер департаментінің есірткі бизнесімен күрес бөлімшесінің қызметкерлері бақылаудағы сатып алу арнайы іс-шарасы барысында есірткі сатушылармен Сарышаған-Шу тасжолында кезігу туралы келіскен. «Есірткі сатушыны полицейлер көлік ішінде 9 кг астам гашиш сату кезінде қолға түсірген»,- деп түсіндірді баспасөз қызметіндегілер. Сондай-ақ, «жеке заттарын тінту барысында ұсталған азаматтан тағы 100 грамм гашиш тәркіленген», деп қосты.
«Есірткі сатумен айналысатын топты одан әрі тексеру барысында Сарышаған станциясында «Мерседес-190″ көлігі ұсталып, көлік жолаушысы, Жамбыл облысының тұрғынынан 70 грамға жуық гашиш табылған»,- деп атап өтті баспасөз қызметіндегілер. Сондай-ақ көлікті тексеру барысында жүк салғыштан тағы 140 грамнан астам гашиш табылған.
«Тәркіленген есірткінің жалпы салмағы 10 кг асып жығылады»,- деп атап көрсетті баспасөз қызметіндегілер. Қазіргі уақытта аталмыш қылмысқа қатысушылар мен ұйымдастырушыларды анықтауға қатысты бірқатар жедел шаралар жүргізілуде.