Қазақстан Республикасы көші-қон саясатының 2007-2015 жылдарға арналған тұжырымдамасы мақұлданды - kaz.caravan.kz
  • $ 461.26
  • 542.58
+17 °C
Алматы
2026 Жыл
11 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қазақстан Республикасы көші-қон саясатының 2007-2015 жылдарға арналған тұжырымдамасы мақұлданды

Қазақстан Республикасы көші-қон саясатының 2007-2015 жылдарға арналған тұжырымдамасы мақұлданды

"ҚАЗАҚСТАН БҮГІН". 3-қыркүйек. АСТАНА. Қазақстан Республикасы көші-қон саясатының 2007-2015 жылдарға арналған тұжырымдамасы мақұлданды. Осы жөніндегі жарлыққа Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаев қол қойды, деп хабарлайды агенттік.

  • 3 Қыркүйек 2007
  • 879
Фото - Caravan.kz



Мемлекет басшысы үкіметке тұжырымдаманы 2008-2010-жылдар аралығында және одан әріқарай кезең-кезеңмен жүзеге асыру шараларының жоспарын үш айдың ішінде жасап бекітуді тапсырды.

Президент әкімшілігінің Әлеуметтік-экономикалық талдау бөлімінің жарлыққа берген түсініктемесіне сәйкес, «Республикадағы көші-қон жағдайы еңбек көші-қоны көлемінің өсуімен, заңсыз көші-қон ауқымының ұлғаюымен, босқындардың болуымен, қарқынды ішкі көші-қонмен сипатталады. Қазақстан әлемдегі мейлінше күшті көші-қон процестері байқалатын елдердің біріне жатады. Республика көші-қон ағынының қысымын сезініп отыр».

Түсініктемеде атап көрсетілгеніндей, «Қазақстан Республикасы президентінің «Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясы» атты 2006 жылғы 1 наурыздағы Қазақстан халқына жолдауын іске асыру барысында Қазақстан Республикасы президентінің «Қазақстан Республикасы көші-қон саясатының 2007-2015 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» 2007 жылғы 28 тамыздағы жарлығы қабылданды».

Тұжырымдама Қазақстан Республикасындағы көші-қон процестерін басқарудың қазіргі тетіктерін жетілдіруге және сапалық тұрғыдан жаңа тетіктерін дамытуға бағытталған.

Тұжырымдаманың мақсаты еліміздің ұлттық бірдейлігі мен қауіпсіздігін сақтау және дамыту шеңберінде заңсыз көші-қонды барынша азайту және сұрыптаушылық көші-қонды қалыптастыру жолымен көші-қон ағынының келеңсіз салдарын азайту болып табылады.

Көші-қон саясатының негізгі принциптері мен міндеттерін ескере отырып, бейімдеу қызметтерін көрсету арқылы оралмандарды бейімдеу мен кіріктірудің өңірлік орталықтарын кұру, білімі мен біліктілік деңгейін, кәсіптік тәжірибесінің болуын қоса алғанда, көшіп келу квотасына оралмандарды енгізудің нақты критерийлерін белгілеу, шетелдік жұмыс күшін квоталау және экономикалық мақсаттылық тестін сақтау, іріктеу әдісін қолданумен икемді визалық тетік құру және басқалар жөніндегі шаралар кешенін іске асыру көзделеді.

Тұжырымдаманы іске асыру көші-қон ағынын реттеу жүйесін жетілдіруге, этникалық қазақтарды қабылдау, оларды қазақстандық қоғамға бейімдеу және кіріктіру үшін жағдай жасауға, білікті ұлттық еңбек нарығын қалыптастыру үшін ішкі еңбек көші-қонының мүмкіндіктерін пайдалануға жәрдемдеседі.