«Қазақстан мен Ресей қорғаныс мекемелері арасындағы 2008 жылға арналған ынтымақтастық жоспары мен Қазақстан және Ресей Федерациясының Қорғаныс министрліктері арасында екі мемлекеттің әуе кемелерінің ұшуларының қауіпсіздігі саласындағы ынтымақтастық жөніндегі келісімге екі елдің қорғаныс министрлері Даниал Ахметов пен Анатолий Сердюковтың екі жақты кездесуінен кейін қол қойылды», — деп хабарлайды баспасөз қызметі.
Мекеменің хабарлауынша, кездесу Астанада өтіп жатқан ТМД қорғаныс министрлері кеңесінің 53-ші отырысының аясында өтті. Отырыс барысында 18 мәселе, соның ішінде ТМД елдері қарулы күштерінің біріккен байланыс жүйелерін құру тұжырымдамасын жүзеге асыру барысы туралы, «Пароль» атты біртұтас радиолокациялық тану жүйесі құралдарының ұшуларына дайындалу мен оларды өткізу әдістемелері туралы, ТМД қарулы күштерінің өлшем құралдарын жөндеуші мамандарды дайындау мен олардың кәсіптік деңгейін көтеруді ұйымдастыру жөнінде талқылады. Отырыс барысында сонымен қатар Абхазиядағы шиеленіс аймағында бейбітшілікті қолдау жөніндегі ұжымдық күштердің қолбасшысы жөніндегі мәселе, ТМД елдерінің біріккен әуе қорғаныс күштері жүйелерінің бірлескен шараларының жоспары және басқа да мәселелер қаралады.
Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, Астанада өтіп жатқан ТМД елдері қорғаныс министрлері кеңесінің отырысына Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Молдова, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан және Украинаның қорғаныс мекемелерінің өкілдері қатысуда.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті