"Қазақфильм" ешқайда көшпейді - киностудия вице-президенті - kaz.caravan.kz
  • $ 498.34
  • 519.72
-4 °C
Алматы
2024 Жыл
24 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
"Қазақфильм" ешқайда көшпейді - киностудия вице-президенті

"Қазақфильм" ешқайда көшпейді - киностудия вице-президенті

Алматы. 12 желтоқсан. "Қазақстан Бүгін" - "Қазақфильм" ешқайда көшпейді, бұрынғы орнында қалады. Бұл туралы студияның 2007 жылғы жұмысының қорытындысы бойынша кеше өткен баспасөз мәслихатында "Қазақфильм" киностудиясының вице-президенті Рымбек Альпиев мәлімдеді, деп хабарлайды агенттік тілшісі.

  • 13 Желтоқсан 2007
  • 830
Фото - Caravan.kz

«Бізді бірде Астанаға, енді бірде Талғарға көшірген түрлі дақпырттар көптеп таралды. Мүлдем олай болмайды, студия бұрынғы орнында қала береді. Меніңше, бұл түпкілікті шешім», — деді Р. Альпиев.

Осы орайда еске сала кетсек, еліміздің мәдениет және ақпарат министрі Ермұхамет Ертісбаев осы жылдың тамыз айда жаңа киностудияның салыну мүмкіндігі туралы сөз қозғаған. Жобаның құны $300 млн құрамақ, оның 80%-ын мемлекет, 20%-ын — инвесторлар шығарады.

Ал өткен айда Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ-ын 5 жыл басқарған Сергей Азимов қызметінен босатылды. Бұл туралы 21 қарашада киностудия ұжымының жалпы жиналысында Е. Ертісбаев мәлімдеді. Министр сондай-ақ президент қызметіне Анар Қашағанова тағайындалғанын хабарлады.

Кешегі баспасөз мәслихатына қатысушылар С. Азимовтың қызметтен кету себебі туралы сөз қозғаудан бас тартып, бұл сұраққа тек А. Қашағанова ғана жауап бере алатынын айтты.

«Бұл өзгерістер мен біздің студияның шығармашылық жоспарлары туралы бірінші басшының өзі әңгімелеп беруге тиіс. Алайда, Анар Қашағанова тек қазір ғана мәселені зерттей бастағандықтан, оған дайындыққа біраз уақыт керек. Дегенмен, мұндай кездесу міндетті түрде өтеді және сонда барлық сұрақтарыңызды қоя аласыздар», — деді Р. Альпиев.

2008 жылға арналған қаржыландыру көлемі туралы сұраққа киностудия қызметкерлері «үкімет пен мәдениет министрлігі студияның бюджетін азайтуға емес, ұдайы өсіруге жұмыс істеп жатқанын» айтты. «Құдайға шүкір, бізде қандайбір туындыға ақша жетпей қалған қиындық болған емес, өйткені, ол мүлдем жоқ. Бізде әзірге бәрі дұрыс», — деді вице-президент.

Ал «Қазақфильм» студиясының бір қызметкерінің айтуынша, жуырда қаржының тапшылығына байланысты «Келін» атты фильмнің түсірілімі тоқтатылған.

Киностудияның келесі жылға арналған жоспарлары да түсініксіз күйінде қалып отыр. Қанша фильм түсірілетіндігі және олар қандай болатындығы әзірге беймәлім. «Түзетулер болуы да ықтимал. Бәрін күтуге болады. Яғни, жауап беру әзірге ерте», — деді Р. Альпиев.

2007 жылдың қорытындысы бойынша «Қазақфильм» киностудиясында 5 көркем, 5 анимациялық және 6 деректі фильм түсірілген.

Баспасөз мәслихатында соңғы екі жұмыс — «Ангелочек» сериалы мен «Дорога на плаху»атты деректі фильмге ерекше назар аударылды. Бірінші туынды Ялтада өткен «Вместе» атты телефорумда басты ер адамның бейнесін сомдағаны үшін және Мәскеуде өткен Еуразиялық телефорумда бас жүлдеге ие болған. Екінші туындының тұсаукесері 14 желтоқсанда Алматыда өтеді.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті